«Ғасыр өлімі» немесе қазасы жұмбақ тұлғалар…

«Ғасыр  өлімі  немесе  ғасыр қазасы»  деген  атау  ең  алғаш Француздың   атақты  императоры, ұлы  қолбасшысы  Наполеон  Бонапарт  қасиетті  Елена  аралында айдауда  жүріп,  қайтыс  болған 1821  жылдың  5   мамырында айтылған  еді. Ол не  бәрі 50  жыл  өмір  сүріпті. 

   Наполеонның    қазасы «ғасыр  өлімі  немесе  ғасырдың  жұмбақ  қазасы»  деп аталды. Өйткені  жұрт ресми  деректерде  айтылатындай  гепатиттен  не болмаса  рактан  емес, атақты  императорды  улап  өлтірді   дегенге  көп  сенеді.  Бірақ дәлел  жоқ. Содан  болар халық оның  өлімін «Ғасырдың  құпия  өлімі» десті. Алайда  өткен  ғасырдың  соңында императордың  шашына зертеу  жүргізген  мамандар  расында    оны  улап  өлтірген  деген  болжамға  келіп  отыр. Оған  қастандық  жасаған  кім? Ол  шешілмеген  құпия. Демек  көпшіліктің  оның  өлімін  «ғасыр  құпиясы»  деп  атауы  дұрыс-ақ. Осы  Наполеонның  өлімінен  кейін «ғасыр  өлімі,  ғасырдың  жұмбақ қазасы»  деген атау   жиі айтыла  бастады.  Қастандықтан  немесе  жұмбақ  жағдайда  көз  жұмған  әлемге  аты  мәшһүр   тұлғаларға  осы  сөзді  қосып  айту  сәнге айналды  деуге  болады. Мысалға… иә  мысал келтірер  болсақ «ғасыр  қазасы»  я  болмаса «ғасырдың  құпия  өлімі»  деген  атауға  ие  болған жандар көп.  Тізе  беруге болады. Әсіресе  ХХ  ғасырда  болған  ондай  оқиғаларды  санауға  он  саусақ  аздық етеді. Мәселен «ғасыр  өлімі»  деген  атқа  ие  болған  алғашқылардың бірі   Адольф  Гитлер. 1945  жылдың  мамыр 4-і  күні кеңес  әскерінің арнайы  барлау  тобы   өртелген    бір әйел (Ева  Браун) және  еркектің (Адольф  Гитлер)   денесін  бомбыдан  жасырынатын   бункердің  жанындағы бақтан  тауып  алады. Қолға  түскен фюрердің  жақын  адамы вице-адмирал Ганс Фосс өртелген  адамдар  Гитлер  мен  оның  нақсүйері  Ева  екенін  мойындаған. Барлау   тобының  басшысы  подполковник Клименко  сол жерде «Ах,  мен  кімді  көріп  тұрмын неге  куә  болып  тұрмын. Ғасыр өлімі  деген  осы»  деп  жерді бір тепкен  көрінеді. Ресми  дерек  солай  дейді. Бірақ Гитлер жөніндегі  әңгіме  сонымен  бітпеген. Оның  өлімі де  «ғасыр  құпиясы»  болып қалғаны  белгілі.

Өйткені   көптеген ресми,  би ресми деректер Гитлер   соғыста  аман  қалды,  өзге  жерде  яғни  Латын Америкасының  Аргентина,  Перу,  Чили  секілді  елдердің бірінде 1971  жылға  (кей  деректер  1982  жыл)   дейін жасырын өмір  сүріп,   өз ажалынан  өлгенін айғақтайды. Ал кейбір  деректер Гитлердің  Латын Америкасына  қашпағаны,  керісінше   ешкімнің шырақ алып  соңына  түсе  алмайтын   Антарктидаға  қоныс аударғаны жөнінде айтады. Қалай  десекте басқыншының   өлімі ХХ  ғасырдың шешілмеген  жұмбағы  болып қала  берді. Ал  АҚШ-тың  35  президенті   болған Джон  Кенедидің  өлімі  де ХХ  ғасырдың  басты  құпиясына  айналғаны белгілі. Әлемді  дүрліктірген оқиға 1963  жылы 22  қарашада  Техас  штаты Далласта  болды. АҚШ  үшін  әлі  күнге Джон  Кенедидің  өлімі тарихтың ашылмаған  ақтаңдағы  болып  қалуда. Содан  болар  түрлі болжамдар, қисындар бүгінгі  күнге  дейін жалғасуда. Соның  бірі КСРО (СССР) арнайы  қызмет  бөлімінің   құпия  операциясы деген  болжам. Әрине оны  атқан Ли Харви Освальд  сол  жерде тұтқындалды. Алайда  ол  да  екі  күн  өткен соң  жұмбақ жағдайда  қаза  болды. Қалай  айтсақ та, Джон  Кенеди  осындай трагедиялық  оқиғаға  душар болмағанда  оның  аты  әлемге  әйгілі  болмас  еді. Бір  қызығы Кенеди  өзіне  қастандық  жасалатынын алдын  ала  сезген  секілді.  Әйтпесе,  сол  22 –ші қараша  күні  таңертен  ол  әйелі Жаклинге  «Егерде кімде кім Америка  Құрама  Штатының   президентін  құртқысы  келсе,  оп-оңай. Биік  ғимаратқа  шығып,  дәлдеп ататын  құралы  бар мылтықтың  ұңғысын президентке  бұрып, шүріппені  басып  қалса  болғаны. Одан кейін  президентті  ешкім де,  ештеңе  де қорғай  алмасы  хақ»  депті. Өзі  айтқандай  дәл сол  күні  оқиға  шындыққа айналып, қырық  алты  жастағы  Кенеди  өмірмен  қош айтысты.  Халық  оның  қазасын «ғасыр  өлімі  һәм  ғасырдың    жұмбақ  қазасы» деп  атады.

Ғасыр  құпиясына  жататын  өлімдердің  бірі,  КСРО  көсемдерінің   бірегейі Сталиннің өлімі. Оның   о  дүниеге  аттануына  байланысты  болжамдар  өте  көп. Бірақ  «мынау  нақты»  деп  ешкім  қадап  айта алған  жоқ. Бәрі  «солай  болған»  деген  сияқты  қисын.  Дегенмен шындыққа  жақын  болжамдар да  жоқ  емес.  Нақтылайтын  болсақ,    мұртты  көсемге  жасалған  қастандық.   Мәселен, Сталинге  тікелей  бағанатын қарсы  барлау  бөлімінің   басшысы Александр Джуго  1952  жылы   мемлекет  басшысына  оны тақтан  тайдыруға  тырысатын  топтың  тізімін   көрсеткен. Олардың  ішінде Молотов, Хрущев, Маленков, Булганин, Берия, Микоян, Каганович,  Игнатьев,  Ворошилов  және  өзгеде  мемлекет  қайраткерлері  болған. Тізіммен  танысып  шығып,  басын  шайқаған  жез мұртты  көсем  оларға  қарсы  қандай  да  бір  шара  қолданудан  бас  тартқан. Бәлкім  барлау  бөлімінің  басшысына  сенбеді  ме,  әлде ойында  басқа нәрсе  тұрды  ма,  тек  бас  шайқаған  да қойған. Ақыры сол  түбіне  жетті. Кейін  бір  сөзінде Молотов;  «Сталин  өз  ажалынан  өлген  жоқ. Оны  қаскөйлер  улады. Дұрысы Берия-Маленков-Хрущев.  Солардың  ішінде Берия  1953  жылы  1  мамыр күні «Оны (Сталинді)  құртқан  мен»  деп айтып қалды» деген  дейді. Бәлкім солай да  шығар. Талайдың  түбіне  жеткен  Бериядан ондай  қаскөйлікті  күтуге  әбден болатын. Бірақ Сталинның  өлімі «мынадан»  деп ресми  құжатталмаған  соң,  КСРО көсемінің  қазасы  да жұмбақ  болып  қалды. Сол секілді КСРО-ның  басшылары  болған Брежневтің, Черненконың,  Андроповтың қазаларыда  құпия. Оларға  жасалған  қастандықтар  әлі  де  беті  бүркеулі.  Ал, әскери  шеру  өтіп  жатқан  тұста,  жұрттың  көзінше  атып  өлтірілген  президенттердің  бірі  ол-Мысыр  мемлекет  басшысы  Әнуар Садат. 1981  жылы 6  қазанда  Каирде әскери   шеру   өтті.  Жарқ-жұрқ  еткен  әскери  техникалар, аяқтарын бір  келкі сарт-сұрт басқан   сарбаздар  көз  тойдырғандай  еді.

Сол күні  неге  екені  қайдам, Мысыр  президенті    сыртқа шықса   киімінің  ішінен  киіп жүретін оқ  өткізбейтін  күртешесін кимеген-тұғын.  Әйелі  де шеруге  барудан бас тартты… Әскери  техникалар тізбегі  өтіп  жатты. Кенет  зеңбірек  сүйреткен  әскери  машина  тоқтай қалып,  ішінен  автомат асынған  ек-үш  сарбаз  секіріп  түсіп, мінберде  тұрған президентке  қарай  оқ жаудырып  тұра ұмтылды. Сауытсыз  тұрған мемлекет  басшысы  бірден  қанға боялды. Мінберге  көтерілген  бас  кесерлер президенттің  айналасында  тұрғандарды  да атып  салды.  Неге екені  қайдам, сол  жерде тұрған вице-президент Хүсни Мүбәракка  олар  тимеді. Тек: «ары  кет  сен  бізге  керек  емессің»  деп дауыстаған. Бары  сол. Жарадан  өлгелі  жатқан преидентті    бірден  ауруханаға  емес,  президент әйелінің  айтқаны  бойынша резиденцияға  жеткізген. Неге? Бұғанда ешкім  жауап  бере  алмайды. Әйелі  неге бұлай істеді?  Жұмбақ.  Бәлкім  ауруханаға дер  кезінде  жеткізілгенде  тірі  қалар  ма еді? Әрине шабуыл жасағандар  ұсталды.  Қамалды, атылды. Бірақ президентті  өлтіруге  бұйрық  бергендер  тасада  қалды. Олар кімдер?   Әнуар  Садат АҚШ  пен де,  КСРО  мен де, Израильмен  де,  Араб  әлімімен  де жақсы  болуға  тырысты. Сонда кім?   Мысыр  президентінің  бұл  қазасы  да журналистердің  жазуына  қарағанда ХХ  ғасырдың  жұмбағы  болып  қалған. Мысалға кетіргендеріміздің  бәрі  мемлекет басшылары. Ал  өлімдері  ғасыр  жұмбағына  лайық   өзгеде  саланың төқрткіл дүниеге  танымал азаматтары   жеткілікті.  Олардың  бәрін  мысалға  келтіру  мүмкін  емес. Тек үстіміздегі  яғни  ХХІ  ғасырда  «ғасыр  қазасы»  деген ат  алған   бір  өлімді  айта кетуге  тиіспіз. Ол поп музыканың королі  атанған Майкл Джексонның   кенеттен дүние  салуы. Атақты  әншінің  ажалы  туралы  да  түрлі  болжам көп. Ең  бастысы  оның  өлімі «ғасыр өлімі  һәм ғасырдың  жұмбақ  қазасы»  деген  ат алуында.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ