« … Мен толық ашыла алмадым, әттең… »

Қазақтың жыр көгінде жасындай жалт етіп сөнген ақиық ақын Төлеген Айбергенов:

Өле берсін күншілдер күйігінде,

Өз ғасырым өзімнің иінімде.

Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты

Мен өлемін өзімнің биігімде, – демекші, өзі көтерілген биікте мәңгілікке қалып қойған мықтылар баршылық. Солардың бірі – Әнуар Боранбаев еді. Әнуар қазақ өнерінде ерте сөнген тұлға. Барын ақтара алмай, арманда кеткен азамат. Нағыз сайыпқыран шағында мертіккен құлагер. Сахна білгірі Әшірбек Сығайша айтқанда «бауырын жазып көсіле алмай, өксікпен кеткен өнер тарланы». Бұдан артық пікір айту мүмкін емес шығар. Ол сахнадағы отызжылдық өмірінде алпыстан астам ірілі-уақты образды сомдады. Бала шағында алғаш рет сахнаға «Алтын сақада» ханның рөлін ойнады. Өз өмірі сахнаға байлаулы екенін де сол кезде түсінді. Тек театрда ғана емес, Әнуар кино әлемінде де ерекше қырымен көрінді. Жұрт оны «Гауһартас» фильмі арқылы кеңірек таныды. Кинода мінезі дөрекілеу, сүйген жарына қаталдау қарағанымен, шын өмірде жаны жібектей еді. Азанда жауған ақша қардай таза еді. Арманы – иісі қазақтың арда ұлдарын, алаш ардақтыларының рөлін сомдау болды. Бірақ уақыт мұрша бермеді. Тағдыр қырын қарады ма, нағыз бабына келген шақта бір аяқты кесіп, балдаққа сүйеніп қалды. Бар жоғы 44 жасында мүгедек атанды. Бірақ театрды тастамады. Ол кімді ойнамады? Мәселе рөлдің ірілі-уақтылығында емес, мәселе соны қалай алып шығуда емес пе? Жұр риза болды. Қол соқты. «Нағыз талант» деді. Өзге тұрмақ әріптестері сүйінді, сүйсінді. Мойындады. Туа біткен дарын екеніне бас иді. Әттең, нағыз бабына келген дүлдүл шағында тағыдырдың қырына ілікті. Бірақ мойымады.

Бір басылымға берген соңғы сұхбатында: «Мен барымды толық бере алмаған, толық ашыла алмаған жанмын. Әттең, нағыз жарқырар тұсымда тағдырдың тәлкегіне ұшырадым. Мен киноға түстім, театрда басты рөлдерді ойнадым. Кенет аяғымды тізеден жоғары кесіп тастап, мүгедек атандым. Бұдан үлкен трагедия бар ма? Аяғымның ауыра бастағанын 1986 жылдан бастап сезіне бастадым. Бірақ емделуге уақыт болмады. Ауруханаға жатудың орнына театрдағы дайындықтан кейін, күнкөріс қамымен радиоға жүгірдім. Сүйтіп уақытын өткізіп алдым. Ақыры 1993 жылы бір аяқты беріп тындым. Жарты жылдан кейін балдаққа сүйеніп театрға оралдым. Екі аяғы сал болып қалған Кененбай Қожабеков те «Қыз Жібек», «Қасқырлар апаны», «Гауһартас» сияқты фильмдерде қалай өзін көрсете білді. Мен одан кеммін бе, деген көңілімде жігер бітті. Ағынға қарсы жүзуге ұмтылдым. Бірақ басты рөлдерде ойнау мүмкін болмады. Тек қосалқы көріністерде ғана көрінуге тура келді. Мен барымды толық бере алмаған актермін. Алдағы уақытта өз тағдырыма ұқсас рөлде ойнасам деп едім…» , – дегенді. Бірақ, өзі айтқандай «сахнада жарқырап жана алмадым, барымды бере алмадым» деп өзін төмендетіп, тым қарапайымдылыққа салығанымен, Әнуар Қ.Мұқашевтiң «Дала дастанындағы» – Iлияс, М.Әуезовтiң – «Қаракөзiндегi» Сырым, «Айман-Шолпандағы» – Арыстан, «Қарақыпшақ Қобыландыдағы» – Бiрсiмбай, «Еңлiк-Кебектегi» Кембай, Ә.Нұрпейiсовтiң – «Қан мен терiндегi» Еламан, Ш.Айтматовтың – «Ана-Жер-анасындағы» – Майсалбек, «Ақ кемесiндег» Момын шал, бұдан басқа кесек-кесек туындылардағы кесекті рөлдерде өзін таныта білді. Халық оны дара дарын ретінде мойындайтыны да осы тұс. Тіпті аяғына ота жасалардың алдында театрға барып «мен сенімен қоштаспаймын» деп, сахна еденіне аунауын, күйректіктің белгісі емес, киелі сахнаны ес-түссіз сүю деп ұғынған жөн болар-ау.

Амал қанша, қазақ сахна өнері төрінде, өз қатарластарының алды болған Әнуар Боранбаев 1999 жылдың желтоқсанында 51 жасында дүниеден озды. Кім білсін, мазаң өмірдің мазасыз тірлігі шаршатты ма, әлде сау кезінде сахнада өткен інжіл шағы қайтып оралмасын түсінді ме, бәлкім қапияда қайтыс болған тұңғыш ұлының қазасы жеп қойды ма, мүмкін ешкім білмейтін тек өзіне белгілі мұң-қайғы мүжіді ме, әйтеуір тумысынан талант иесі пәниді талақ етіп, бақиға аттанып кете барған.

 

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы:

 

– Әнуар Боранбаевпен «Гауһартас» атты повесімнің желісі бойынша фильм түсірілер кезде таныстым. Басында басты рөлдегі Ыбыш-Тастанды өзге актер ойнайтын болар деп жүргенмін. Әнуар бекіпті. «Әй, алып шыға аларма екен?» деген сенімсіздік ойда болды. Қателесіппін. 1975 жылдың желтоқсан айында киноның премьерасы өтті. Риза болдым. Әнуар актерлік шеберлігін көрсетті. Жарының жанын түсінбейтін, шодыр мінезді бірақ өз ісіне адал адамның бейнесін керемет сомдап шықты. Қазір ол фильмді Әнуарсыз елестете алмаймын. Боранбаев кино әлемінде осы «Гауһартасқа» түсу арқылы өзінің жаңа бір қырын ашты, халыққа кеңінен танылды десем, артық айтпағаным болар. Театрда жүрген менің «Әпке» деген пьесамда Тимурдың рөлін қалай алып шықты дейсің ғой.

Әнуар Боранбаев – үлкен талант иесі еді. Берері көп еді. Тек дүниеден ерте озды. Енді жазмышқа озмыш бар ма? Бірақ Боранбаев халықтың есінде мәңгілік үлкен актер, дара дарын ретінде қала берері анық.

 

Әшірбек Сығай, театр сыншысы:

 

Әнуар менен бір курс төмен оқыды. Сол студент жылдары араластық, жақын дос болдық. Одан кейінгі өмірде де, өнерде де жұбымыз жазылмай бірге жүрдік деп айта аламын. Әнуар үлкен талант иесі еді. Солай бола тұрса да, бауыры жазылып көсіле алмаған, бойындағысын сығып бере алмаған жан. Оған уақыт мұрша берді ме? Не бәрі 51 жасында қайтыс болды. Нағыз таланттар алпыс жасында кемеліне келіп, жарқырай түспеуші ме еді. Әнуар оған жете алмады. Әттеңі осы. Мүгедек болса да сахнадан кетпеді. Өнерді жан-тәнімен сүйді. Балаша иланғыш, ақ көңіл, адамгершілігі мол, мәрт еді. Соңғы рет Маңқыстауға гастрольмен барып қайтты. Сол жақтан келген бойда қатты ауырды. Өкпесіне суық тиген десті. Содан оңалмады ғой… Әнуарды еске алсам… бірге жүрген күндер, қызықты шақтар түседі. Бала кезінде тым ерке болды ма, әйтеуір «р»-ға тілі келмейтін. Содан көп қорлық көрді. Үнемі жаттығуының арқасында «р»-ды да жеңді.

Сонау 70-80-90 жылдары театрда жүрген спектакльдерді Боранбаевсыз елестету мүмкін емес. Ол театрға жан берді, тамырына қан жүгіртті. Жасындай жарқылдады. Кейде ішкі жан-дүниесін әлде не мүжиме білмеймін, тісін қайрап, әлденеге ренжіп отыратын. Кейде «ақаңды да» сілтеп жіберіп, «бусанып» жүретін кездері де болды. Онда да сабырға шақырып әлек болушы едік. Ол тар шеңберге сыймайтын актер еді. Өзі өтсе де, елеусіз, ескеруісіз қалған жоқ. Қазақстанның халық артисі. Өзі оқыған мектеп атымен аталады. Алдына мүсіні орнатылған. Мұражайы бар. Тума талант жөнінде кітап та жарық көрді. Жылдар жылжыр, уақыт озар. Бірақ қазақтың маңдайына біткен арда азаматтар ешуақытта ұмтылмас. Сондай бір азамат, қазақ өнерінің ақсұңқары, құлагерге ұқсас тағдыры бар Әнуар да елдің есінде сақталып қала бермек.

 

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ