Қайда екен сол бір, қазына…

Қайсыбір  жылдың  күйек айы. Ауылдан  кемі  жиырма-отыз  шақырым шалғайда   жатқан  Сарбұлақ  деген  жерде отырмыз. Айдала. Жалғыз  үй,  жалғыз қашар. Сол жерде қойды  қолдан  ұрықтандырып  жатқанымызға  біраз  болған. Бес-алты  адамбыз. Бізден басқа  сол маңды күзететін жалғыз шал бар. Жалғызілікті  адам. Кемпірі  ертеде  қайтыс  болса  керек-ті. Бала-шағасы  жоқ. Бір  қора  ұсақ  малы,  үйір  жылқысы  бар. Ермегі сол. Ауылға  келіп  ешкіммен араласпайды. Жат. Өзін  саяқ ұстайды. Оның  арғы-бергі  тегін  ешкім біле  бермейді.  «Баяғыда,  сонау  отызыншы  жылдары  банды  болыпты. Қызылға  қарсы күресіпті. Құралайды  көзге  атқан  мереген  екен» деген  ел арасында    қаңқу  әңгіме  бар. Қалған тірлігін ешкім білмейді. Жұмбақ  шал.

Кешкісін  қойды  қораға  қамар кезде,  бізге ешқандай  қатысы болмаса да,   әлгі  күзетші  шал   тызақтап жанымызда  жүріп алады. Біз  болсақ,  малды  қамай  салып,  кешкі   асқа  отырғанша асығамыз.  Ал шал болса, күйбеңдеп  қора   маңынан  шықпайды. Кіреді-шығады.Ұзақ  жүреді. Күндіз қора  маңына  бара  қалсақ, артымыздан ере  келіп,  баспалап  қарап  тұрады. Неге екенін қайдам, әйтеуір біз күйекке  келгелі  шалдан  маза  кеткен. Бір күні кешкілік тамақ  ішіп алып,   қой  қамаған  қашардың  төбесіне  шығып  шөпке жата  кеткенмін. Қыркүйек  айының  орта  шені болса  да  түн  жылы. Ши  тістелеп,  аспандағы  жұлдыздарға  қарап   ойланып  жатырмын. Бір  уақытта  үйден  бір  адам  шығып  мал қорға   қарай  беттегенін  көрдім. Күзетші  шал екен. Кашардың  төбесінде  отырған  мені байқаған  жоқ. Жан-жағына  бір  қарап алып, зып  етіп  ішке енді. «Не  істегелі  жүр,  дәрет  сыдыра  ма,  әлде?..».

Бойымда  бір  қызғушылық  пайда  болып, шалды аңдым. Ол  ұзын  қораның  бір  бұрышына  өзінің  жекеменшік  қойлары  қамалған  жерге  барып,  сағыдар жиылған жерге  шоқиып отыра  қалды. Сосын  тағы  бір  жан-жағына  қарап алды. Қора  іші  тастай  қараңғы. Мен  оның  қарауытқан сұлбасын  ғана байқап  тұрмын. Сәлден соң  бұрышқа отырып, ескі  сағдарды  ары  ысырып,  әлденені  қазып алып  қарап  жатқандай  болды. Әлденені  ақтарды-төңкерді. Қарады. Сосын  жайлап  шығып  үйге  беттеді. «Қараңғы түнде,  қараңғы  бұрышта  не  істеп  жүр?»  деп  таңқалып  мен  қалдым. Әлгі  бұрышты барып  қарағым келген,  бірақ   сезік  тудырып аламын  ба деп  ойладым. Өйткені  үйде  бір адамның  жоғын  байқаған  шал  қайтадан  келуі  мүмкін  ғой. Ертесіне  қолым бір қалт еткенде  қораға  қарай тайып  тұрдым. Онда  да  күзетші  шал  жылқысын  іздеп  Көрпебай жотасын  шарлап кеткен кезде. Қорға  кірген  бойда жүгіріп,   бұрышқа бардым. Үйілген   сағдарды   кері  ысырып едім, үсті  көңмен  жабылған тақтай  көрінді. Оны ырғап кері  итеріп  едім, соқпақша  етіп  қазылған ұра көрінді. Онда сар қапқа  салып аузы буылған әлдене  жатыр. Оның  үстінде алашамен  оралған   ұзын  таяққа  ұқсаған  тағы  бір  зат тұр. Жүгіріп  далаға  шықтым,  ешкім  көрінбейді. Қайта  келіп   орауды  ашып  жібергенім  сол еді,   мылтық  шықты. Жай  аңшының  мылтығы  емес  кәдімгі бесатар. Бір  буда  оғы  бар. Қосымша   алты атар маузер,  он екі  оқ  ататын  кольт  тапаншасы  ол  да  жатыр. Жүрегім  дүрсілдеп  кетті. Мылтықтарды  қайта  орап орнына  қойдым. Астындағы  сар  қаптың  аузын ақырын  шештім. Бірақ  оның ішінде  тағы  бір қап  бар екен. Аузын тастай  қылып буған. Оны шешіп отыруға  мүмкіндік  болмады. Уақыт тар. Шал  келіп  қалуы мүмкін. Қапты  ырғап көріп едім, өте ауыр екен. Не де  болса  шал  үшін  бір қымбат дүниенің  жатқаны белгілі. Бәрін орнына  реттеп   қойып  үйге  қайттым. Бір оңаша қалған  кезімде, әкеме  көргендерімді айттым. «Е,  балам–ай  ол банды  болған  шал  ғой. Мылтық содан  қалған  болар. Қаптағы  не болсын,  далада   жатқан  темір-терсекті  жиып жүретін өлермен шал ғой, сол болар»  деді әкем онша  мән бермей. Оған  қоса, «аулақ  жүр  қастандық жасар» деп сақтандырып қойды. Әлденені  сезді ме,  шал сол  күннен бастап жанымыздан  шықпай  қойды. Бірақ  ол кезде  қойды ұрықтандыру да аяқталып  қалып еді. Бірер күннен кейін қыстауға көшіп кеттік.

Келесі жылы  әскерге  кеттім, одан келе  сала оқуға  түстім. Әлгі  көргендерімнің бәрі  ұмтылып  қалған. Бірақ көкейімде «шал жасырған қаптағы дүние не  болды екен?» деген сауал әлі  тұр. Тоқсаныншы  жылдардың  басында  колхоз  тарады. Дүние-мүлік  жекеменшікке  өтіп кетті. Баяғы   күзетші  шал да  дүниеден өткен. Ол күзетіп отырған кашардан түк қалмаған. Мал кеткен соң, жұрт  қоршауды  бұзып,  кірпішін, ағашын  тасып алған. Қазір орны жылан жалағандай  тақыр. Мұның  бәрін  не  үшін  жазып  отырмын? Оның себебі бар. Өйткені 1919-20 жылдары  біздің ауылды көктей  ақтар Қытайға  өткен.  Анненков бандысының  Үржарда елге  істемегені  жоқ. Қырды,  қорлады,  зорлады,  тонады. Бұл  жеке әңгіме.

Менің айтпағым, Анненковтың жұрттан  тонаған  қазынасы  осы  Көрпебай  жотасының  бір қуысына тығылыпты  деген әңгіме. Мұндай  алыпқашпа  әңгіме   жұрт арасында әлі  айтылады. Кейбіреулер  қызық  көріп  ауылдың (Үржар ауданына  қарасты, Елтай ауылы) маңын,  Көрпебай жотасының  қалтарыс-қуыстарын әлі  күнге күрек алып  ақтарып   жүр. Бірақ ақтар тықты деген  қазынаны  таптық деп айтқан  ешкім жоқ. Марқұм әкем айтып  отырушы  еді, «ақтар  тыққан қазынаны бір білсе,  әлгі Ауғанбай (әңгімеміздің  басында  сөз  қылған күзетші  шал) біледі. Баяғыда банды  болып ақтарды жақтап қызылдармен соғысқан. Оларға Қытайға  өтетін жолды  да  сол көрсеткен  болса  керек. Демек  мол  қазынаны  да жасыруға сол  шал  көмек  беруі әбден ықтимал.

Баяғыда қораның түбіне  тығылған қапты  бекер қарамаппыз. Бәлкім Анненковтың қазынасының  біразы  сол  шығар. Әйтпесе  жалғыз шал айдаладағы   жалғыз кашарды өмір бойы  күзетіп несі  бар? Демек  бір  гәп жатыр-ау  онда»  дегені бар. Қазір кашардың  орны да жоқ. Шал баяғыда дүниеден  өткен. Оның  мылтығы,  қора  түбіндегі қабы  қайда  қалды, кім  тауып  алды  белгісіз.

Айтайын дегенім, әлі  күнге  атаман Анненковтың  қазынасын іздеушілер  көп. Біреулер  атаман  дүние-мүлікті Алтайға  жасырды  дейді. Бәз бірі  Үшаралдың  маңы  болуы  мүмкін деседі. Кім білсін? Бір ақиқат дүние атаманың  бандылары  Үржарды қан-жоса  қылып  басып  өткені белгілі. Баяғыдағы  көне көз  қариялар  «Ақтардың   қазынасы  ешқайда  емес,  осы  Тарбағатай  тауының  бір қуысында жатыр. Я  болмаса  анау Көрпебай  жотасынның  бір  жері болуы мүмкін. Кезінде отызыншы жылдары біреулер сол  Көрпебай  жотасынан  тай  қазанға жасырлыған  тай  тұяқ алтын-күмістер  тауып алып, қашып  Қытайға  өтіп  кетіпті  дегенде әңгіме  бар»  деп айтып  отыратын.

Сондай-ақ, Бестерек  ауылының  маңындағы  атақты «Қасқыр апан»  деп аталатын үңгір жайында да әңгіме  көп. Кейбіреулер «ақтардың қазынасы  сонда» деседі. Өйткені  үңгір ауыл  сыртындағы  сайдан басталып, таудың етегіндегі «Аю  үңгір» деп аталатын  жерге дейін   яғни ондаған  шақырымға  созылып жатса керек.   Әлі ешкім  үңгірді  толық аралап  көрген емес. Талай  «мен»  деген жігіттер беліне  арқан байлап,  қолына  шам алып  үңгірге түскенімен, жиырма-отыз  метрден ары  жүректері даулап  жүре алмапты.     Тіпті  ол  үңірде «Шыңғысханның  қазынасы  я  болмаса  өзінің  мүрдесі болуы да мүмкін» деген қауесет те  ел арасында  бар.  Өйткені  Шыңғыс  хан Орта Азияға жасаған жорығында осы Тарбағатай  тауын асып  түсіп, Алакөлдің   жағасымен өткені белгілі. Жалпы  Үржар  өңірі  археологтардың  табаны   дұрыс тимеген,  дұрыс  зерттелмеген өлке. Тарихтың  талай  құпиясы   осы маңда  тұнып  жатқаны  анық. Бір  ғана «Найманқала» деген көнеден қалған  қорғанды алайық. Әлі  ешкім зерттемеген. Тарихы тым тереңде.  Тамды  өзенінің  бойында, «Ашылы  өзек»  деген  жотаның  етігінде жатыр. Кезінде  биік дуалдармен  қоршалған,  жан-жағына  ор  қазылып   сумен  толтырылған, төрт  қақпалы  үлкен қамал болғаны көрініп  тұр. Тарихқа  үңілсек, Құлжа  сапарында   қазақтың біртуар  ұлы  Шоқан  Уалиханов  осы  жерде болып,  қамал жайында  жазып, картаға  түсіріп  әкетіпті.

1918  жылы Үржарға  келген  сапарында Алаштың арда  ұлдары Ахмет  Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов елден естіп, арнайы осы  қорғанды келіп  көріпті. 1934  жылы Үржарда  сегіз ай тұрған Сәкен Сейфуллин де  «Найманқаламен» танысқан екен. Бұл да  бір  әлі сыры  беймәлім, қай  ғасырға жататыны белгісіз  шаһар. Әлемді тітіреткен  ұлы  қаған Шыңғысханның  да, қанішер Анненковтың  да  қазынасы  осы  Үржар жерінде  жатуы мүмкін-ау. Тек зерттеймін, іздеймін деген  адам табылса,  бұл  өңір талай  құпиясын  ашары анық.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ