Қайдасың, қарымды қыл қалам иесі?

Исі  қазақ талантты ұл-қыздан  кенде емес. Алайда  сондай  біртуар ұлдарымызды бағала алмай  жататынымыз  бар. Өмірде  өз бағасын  ала алмай кеткен,  сондай  дарынды  жанның бірі де  бірегейі, қылқалам  шебері Мағауия  Аманжолов  еді. Пешенеге  жазғаны  сол  болды  ма, дарынды  суретші  айдың  күннің аманында, шеберханасынан шыққан  бойда  жоғалып кетті. Бұл  – 1995 жылдың 15  тамызы еді.  

Содан  бері  оны  көрген  ешкім  жоқ. Үлкен талант  иесінің ойда-жоқта  жоғалуына кім  кінәлі, не   әсер  етті? Бұл  – жұмбақ. Дегенмен болжам  жасауға  болатын  сияқты. Мағауия  бір емес  бірнеше  рет мемлекеттік  деңгейдегі  сыйлыққа  ұсынылды. Біріншісі – Қазақстан комсомолы   сыйлығы  еді. Бірақ бәзбіреулердің  тарапынан  тосқауыл  қойылды. Сыйлыққа  ұсынылғандардың  қатарынан  оның аты-жөні алынып  тасталады. Екіншісі – Мемлекеттік  сыйлық  болатын. «Дала  дидары»  атты  ұштағаны   аламан  бәйгеге  түскен.  Даусыз  дүние еді. Оның  құдіретті суретімен таныстар «сыйлық  сенкі»  дескен. Амал  қанша,  бұл жерде  де батыраштар  мен  қотыраштар  табылды. «Қарға  адым  жерде  тұр  еді  менің бақытым, Ұстай алмадым, өткізіп  алып уақытын.  Сансырап,  шаршап жүргенде,  біреу  тап келіп, Қақты  да  кетті  айылы  мықты, аты  тың…»  деп Мұқағали  айтпақшы, Мемлекеттік  сыйлық бұған  емес,    өзгеге  бұйырды…

Сексенінші жылдардың  басында  атақты «Ақтабан шұбырынды» картинасын  жасады. Іргелі дүние еді. Соның жалғасы  ретінде 86-шы  жылы «Құйын»  деген   сурет  салды. Сол тұста кейбір көреалмайтын, мұның  талантына қызғанышпен  қарайтындар Мағауияны «үш  әріптің»  адамдарына  ұстап  беру үшін, «әбүйірін  құйын  ашқан  жалаңаш  қыздың  аяғының  астына  екі-үш  сойыл-шоқпарды  тастай  сал. Қызыл империя  солдаттары  зорлаған екен  деген  түсінік  береді. Суреттің маңызын  аша  түседі»  деп кеңес беріп, арандатуға  да  ұмтылды.  Мұндай  пасық  ойлы достардан  жаны  нәзік  суретші  күйзелмеді  дейсің  бе?

Дос  көріп, әріптес  көріп жүргендердің арам  пиғылын  байқап,  жан  жүрегі  жылады,  әрине. Одан кейін   тоқсаныншы  жылдардың басында «Түркияға  апарып  көрме  өткіземіз»  деп бірнеше  түрік мұның  он бес  шақты  картинасын  көтеріп Түркияға  алып  кетті.  Содан  хабар  болмады.  Айдың- күннің аманынында   қанша  уақытын  сарп  етіп, жүйкесін  жеп,  ақ  тер, көк  тер  боп салған   бір  топ  туындысынан   айрылып  қалғаны, суретшіге  үлкен  соққы болды. Одан  тыс,  көре  алмайтындар   мұның көзін ала бере, бірнеше  мәрте  салып  қойған суреттерін тілгілеп  кетті.  Мұның бәрі  жүйкеге, жүрекке салмақ түсірді.  Амалсыз, ащы  запыранды сыртқа  төгу  үшін,  ащы  сумен  дос  болды. Жұрт  «ішіп  кетті»  десті… Бірақ  оның   құсалықтан  ішкенін  кім  түсінсін… Сосын  бір  күні  жоқ  болды. Бәлкім, «қадірімді  барымда  түсінбегендер, жоқ  болған соң  талантымды  бағалар»  деп ойлағанда  болар-ау…  Кім  білсін?                                                                                                          Мағауия  Аманжолов 1949  жылы  Қарақаралы  өңірінде  дүниеге келді. Әкесі  малшы  еді. Бәлкім  шетсіз-шексіз  сағымға  оранған  далаға,  көгілдір  аспанға, көз ұшында бұлдыраған  тауларға  ғашық  болу,  оны  ұғыну  сол  бала  кезден,  қой  соңында  жүрген  тұста  басталған шығар. Армияда  Ленинградта (қазіргі  Санкт-Петербург)  болды. Қолы босай  қалса, шапқылап Эрмитажға  баратын. Өнер  әлемімен  сонда кеңінен танысты. Армияда  жүріп, «Мәскеуде  оқысам»  деген  оймен бір  топ суретін сондағы  суретшілер  даярлайтын  оқу орнына жіберген.  Көп  ұзамай «сені  оқуға  қабылдаймыз»  деген  хат келді. Бірақ  дәм-тұз бұйырмады  ма,  бұл Мәскеуге емес, Алматыға  аттанды. Алатаудың  етегінде орналасқан  шаһарда  оқыды,  үйленді,  бала  сүйді…

Осында  жүріп республика  тұрмақ,  Одаққа танылды. Қарымды  суретші екенін  танытты. Мойындатты. «Шексіз  кеңістік,  шетсіз  кеңістік, біле  тұра  талай ұрысып,  талай  керістік. Мен де  сендердей ақымақ  екем  ғой,  мұнымыз  енді  ұлы  кемістік»  деп достарына,  айналасындағыларға  ренжігенде өстіп  бір-екі  шумақ  өлең  жазып  қоятын еді. Ол  тауға  ғашық болды. «Тауға  тоймаймын»  деген  керемет картинасы  бар. Мені  ертіп,  қыздарын жетелеп ертемен  тауға  шығып  кететін.  Күні  бойы  сурет  салады. Ішіндегісін  бүкпесіз  ақтаратын. Исі  қазақтың данышпаны  Абайды  салды. Және  қалай  салды  дейсіз  ғой. Ешкім  ұқсамады. Шоқанды  да  салды.   Көп  ізденетін. Шоқанның  суретін  бір  мұрағаттан  тауып  әкеліпті. Дәл  сондай  етіп  салған ешкім  жоқ. Мағауияның  қайсы картинасын  айтайын. Көп  қой. Амал  қанша осындай  асқан  дарын  иесі  барында бағаланбады. Қазірде еске  алып айтып  жүргендер  шамалы.  Алда  алпыс бес  жылдығы  келе  жатыр. Қолымнан  келсе  көрмесін  ұйымдастырсам, елдің  есіне  Мағауияның атын  жаңғыртсам  деймін»  дейді  жары  Гүлбайраш Сүлейменқызы.

Уақыт  жылжыр. Әлі-ақ  келер  ұрпақ өткенін  бүтіндер. Сол  кезде артына  өлмес  мол  мұра  қалдырған  Мағауия Аманжоловтың да аты  аталар. Үлкен  дарын иесі  болғанын бағалар.