
Кейде мынау қым-қуыт тірліктен шаршаған кезде, есіңе сонау бала күнің, тұманың көзіндей мөлдір кезең түседі. Қайғысыз, мұңсыз шақ. Ол бір керемет кез екен-ау.
Қайғысыз-мұңсыз бала кез,
Шаттығым-шалқар дәуренім.
Есейдің екен, неге тез
Ойланып енді әуремін, – деп ақындар балдырған-бала күнінін бекер жырламаса керек-ті. Шулы шаһар. Аласапыран тірлік. Адамды алқымынан алып, сөлін сығып алар күнделікті күйбең өмір. Шаршайсың, таусыласың.
Сондайда, тұмса шағың, балбұлақ дәуренің еске оралады. Сондай да мамыражай ауыл, май топырақты шаңдатқан топ бала елес береді. Сондайда арық жағасында отырып, сонау көкжиекте мұнартып жатқан сағымға көз тігіп «баяғыда ше, сонау ескі заманда…» деп ескі-қиссаларды, қисынын келтіріп ертегі-аңыздарды майын тамыза әңгімелейтін апайым Рая еске түседі. Сонау жетпісінші жылдары ауылда теледидар деген некенсаяқ, радио дегенде үстінде күй табақ ойнайтын абажадай дәу қобдиша. Оны да ойын баласы тыңдасын ба? Тек кейде күйтабаққа жазылған «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қыз Жібек» секілді дастандарды тыңдайтыным болмаса. Маған радиодан гөрі, әпкемнің айтқандары әлдеқайда әсерлі, әлдеқайда қызық -тұғын. Ол кезде үйде қаз-үйрек деген өте көп еді. Үйдегі уақ балалар мал емес, қаз-үйрек бағып қырға шығатынбыз. Кетіп қалмасын дей ме, әпкем сондай да оқыған кітаптарын, естіген әңгімелерін жанына отырғызып алып, әңгімелеуші еді. «Баяғыда, сонау ескі заманда…» деп бастайтын. Ойын баласы бізге баяғының батырлары, жалғыз көзді дәулермен, жын-пері, жалмауыз кемпірлермен қалай айқасқаны қызық көрінетін. Бітіп қалса, «тағы да айтшы» деп әпкеме жалынатынбыз. Бірде әпкем:, «Анау көз ұшында көрінген қос теректі көрдіңдер ме?» деп өзгеше бір әңгіме бастады. «Иә, анау тұрған ба?» деп топ бала шу ете түстік. «Оны жұрт қос келіншек» деп атайды деген әпкем. Сосын сол қос терекке байланысты сыр ақтарған… Қос келіншек. Сол қос терек ауылдан алыс емес. Ары кетсе төрт-бес шақырым болатын жерде жайқалып тұратын. Жанында қос оба бар. Сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдары жүгері егеміз, астық саламыз деп колхоз ол жерді жыртып, обаны тегістеп жіберген. Қос терек те түбінен шабылып, жоқ болған. Сонда деймін-ау алақандай жерге егін екпесе, жұрт аштан қалатындай не болып еді? Кеңес заманының кесірі ғой. Ескіден қалған әңгімеге арқау болған сол бір алақандай жер көзден кеткенмен, әпкемнің айтқаны көкейде қалды. Өшкен жоқ. Қайта уақыт өткен сайын, сол бір балдырған күндерді сағынған, аңсаған кезде қыр басында қаз-үйрек баққан топ баланы, әңгіме айтып, бүкіл баланы ұйытқан әпкемді, ол айтқан «Қос келіншек» еске түседі.
Өткеннің сарқыты, көненің тәбәрігі сынды әңгіме қалай басталушы еді?
Қос келіншек, қос мұңлықтың тағдырын әпкем былай деп тарқата-тұғын…
Баяғыда Шыңғыс ханның бір ұрпағы Қайду хан осы Тарбағатай өңірін жайлаған екен. Жаз жайлау етіп, Тарбағатайды, қыс қыстау етіп Еміл өзенінің жағасында отырыпты. Жаугершілік, шапқыншылық заман. Қанды қол Қайду тыныш жатқан ба? Әлсін-әлсін әскер жиып айналасымен атысып-шабысып отырған. Әр аттаныс сайын қаза болған сарбаздардың орнын ат жалын енді тартып мінген бозбалалармен толтырып отырған. Замананың заңы сондай еді. Тағы бір шапқыншылық. Әр жаугерлік жорық қашанда кедей-кепшіктің мойнына түскен заман. Әр түтін бірден-екіден сарбаз шығарған. Сондай кез тағы туды. Бір кедейдің балиғатқа толмаған, жалғыз ұлын сарбазға алмақ болыпты. Бұғанағы қатпаған бала жорықта қандай қайрат көрсетсін?! Қосақта кетіп қаза табуы әбден мүмкін еді. Соны ойлаған кедейдің апалы-сіңлілі қос қызы бауырын жауға жібергенше, көресінді біз көрелік деп еркекше киініп сарбаздардың қатарына қосылған екен. Жан беріп, жан алысқан айқастарда екі қыз ерекше көзге түсіп, ханның ілтипатына ілігіпті. Амал қанша, тағы бір жорықта апалы-сіңлілі қос қыз қаза тауыпты. Моңғолдардың салтымен дөңес-жотаға оба тұрғызы, қос қызды сонда жерлепті. Сол жер осы екен. Содан бері бұл жерді «Қос келіншек» атап кетіпті» деп әпкем әңгімесін аяқтайтын. Өзі мұңайып, сонау жақтан көрінген қос терекке қарап отырып қалатын. Жанарынан мөлдір жасты көретінмін. Бәлкім сол бір аяулы қос батыр қыздың тағдырын ойлайтын шығар деп жоситынмын…
Бірде әпкем тағы да қос келіншек туралы әңгіме қозғады. Бұл жолғысы мүлде өзге еді. «Ұлы Отан соғысы жылдары екен. Ауылдағы арқасүйер ер-азаматтың бәрі майданда. Бүкіл ауыртпашылық әйелдерге түскен кез. Жер тырмалап егін салатын да, оны орып жинайтын да, мал бағатын да солар. Он екіде бір гүлі ашылмаған уыз қыздар да белдері қайысып, ер-азаматтардың орнын жоқтатпай, еңбек майданында жүрді. Бір отбасының егіз қызы болыпты. Бір қызығы, сол екі қыз екінші бір отбасындағы егіз жігітке ғашық екен. Сүйіспеншілік соғысқа қаратсын ба?! Екі отбасы келісіп, бір-біріне ынтызар болған жастарды қосыпты. Амал қанша, келінді түсірген күннің ертеңінде қос жігіт майданға шақырылып, уыз махаббаттың бал-шырынын татпастан Отанды қорғауға аттаныпты.
Келіннің бетін ашқанды,
Иіліп байқұс жасқанды.
Жасқанды дағы жас қалды,
Ертесін соғыс басталды.
Алды да кетті жастарды» деп сол шақтағы жастардың қасіретін ақын осылайша жырға қосқан екен. Келін боп түскен қос қызды соғыс жүріп жатқан кезде найқалтып кім отырғызсын?! Олар да өзге қыз-келіншектермен қатар қара жұмысқа шегіліпті. Міндеттері бірер күнде бір рет жиырма шақырым жердегі көрші ауылға сүт тасу. Екі арбаға сүт толы бөшкені тиеп алып, қырды мұңлы әнге бөлеп кете барады екен, екеуі. Арада жылжып айлар, тізіліп жылдар өтеді. Соғыстың бітер түрі жоқ. Жалғыз ұлын аттандырған ана да, сүйгенін майданға шығарып салған қыз-келіншектер де күре жолға көз тігіп, қарайған көрінсе, «соғыстан қайтқан солдат па?» деп елеңдескен заман. Бір жылы қыста сүт апарып, түнде қайтып келе жатқан қос келіншектің шанасын қасқыр қамап, шанаға шегілген өгізбен қатар келіншектерді де жеп кеткен көрінеді. Құданың құдіретін қарасаңшы, сол жылы көктемде соғыс бітіп, қос азамат дін-аман елге оралыпты. Өздері жоқта болған сүйгендерінің басындағы қасіретті естіп, налыпты. Ақыры қос келіншекті қасқыр қамап жеп кеткен жерге, қос тал егіп, жан-жағын қарайтыпты. Содан бері бұл жер қос келіншек атанып кетіпті… «Сол қос терек анау тұрған» деп әпкем алыстан жайқалып тұрған екі терекке қарады. Әпкемнің көзінде жас. Біз де мұңайып қалғанбыз.
«Ах-хау арман,
Дүние жалған.
Тұратын өмірі
Мұң мен зардан.
Қос келіншек, қос келіншек…» деп әпкем мұңлы әнді әуелете айтып отырушы еді. Бұл сонау жетпісінші жылдардың соңында айтылған әңгіме еді. Одан бері нешеме заман өтті. Дүние өзгерді. Қаз баға барып әңгіме айтатын әпкеміз де, оның әңгімесін тыңдайтын біз де өстік, ер жеттік. Бірақ бала күнгі естіген сол әңгімелер көкейде әлі жаңғырып тұр. Жылда ауылға барған сайын, ауылдың күн шығысында жатқан Көрпебей жотасына көтерілемін. Баяғыда, бала-шағымызда ойнақ салған төбе-қырға әлдебір сағынышпен қараймын. Сондайда есіме Қос келіншек түседі. Шым-шымдап әпкемнің айтқандары оралады. Жарықтық араға талай жылдар салып, баяғыда түбімен шауып тастаған қос теректің орнына жаңадан көк тал көктеп өсіп, біршама бой көтеріп қалыпты. Ауылдың көне көздері болмаса, бүгінгілер ол жер Қос келіншек атанғанын біле бермейді. Бірақ мен үшін ол жер баяғы әпкем айтқан әңгімеден кейін мәңгіге Қос келіншек атанып қала беретіні анық. Мұны да қолыма қалам ұстап жүрген соң, туған жердің бір белгісі елеусіз қалмасын деп қағазға түсіріп отырмын.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ