Талдыбейіт

Жылда туған жерге барған сайын, ауылдың  шығысында  көлбей жатқан Көрпебай   жотасына  шығатын  әдетім  бар. Бәлкім  бұл туған  жерге  деген  сағыныш болар. Жота  басында тұрып  етегінде жатқан ауылға, бала күнімде табанымның  ізі  қалған  сонау Қаңтарбай, Көкжайдақ, Бүкір, Аққу,  Жиделі  тоғайға  көз  тігемін. Әсіресе  алыстан  мұнартып көрінетін Жиделіге қараған сайын,  көңілімді  белгісіз бір  сағыныш  кернейді.

Иә,  ол  жерде  балауса махаббатым  бүр  жарған. Алғаш  рет сол Жиделінің  түбінде    өрімтал қызға ғашық болдым.  Бірақ  ол  баянсыз  махаббат еді. «Шын ғашықтар  қосылмайды» деген   сол  болар. Одан кейін  неше  заман өтті  ғой. Ол қызды  көрмегелі  биыл  аттай  отыз  екі  жыл  болыпты. Бірақ  жақсы көрудің  не екенін  ұқтырған сол бір  нәркес  көзді қара торы  қыз  мәңгілік  жадымда  қалғаны  рас. Оны  ұмыту  мүмкін бе?  Одан кейін  көз ұшында бұлдырап  күнгей   жақтан  көрінетін Сарбұлақ,  Сартерек, Ешенбай  жаққа   жанарым  талғанша қараймын. Қараған   сайын  әлдебір  оқиғалар  есіме  оралады. Бұлдыр-бұлдыр елестер көз алдыма  келеді. Әкемнің  айтқандары  еске  түседі. Әкем   туған жердің   әрбір  шоқысына, қыратына байланысты ертеден  қалған әңгімелерді  мейлінше  қанық білетін. Сол  бала  күнімде  әкем  осы  өңірдегі  жұрттың  бірі білсе, бірі біле  бермейтін Сартеректегі   үлкен  шұңқыр, Ешенбайдағы  қос ғашықтың зираты  жайында  талай  рет әңгімелеп  берген. Сол көз ұшында  бұлдырған Сартерек  пен Ешенбай  жаққа  қараған сайын әкемнің  айтқандары еске түседі. Құдай-ау  қалай  еді, қалай  басталушы еді…

Күз еді, күзеуде едік…

Сол 1983  жылы мектеп бітіріп, Алматы келіп, КазГУ-дің  журналистика  факультетіне   құжат тапсырдым. Арманым, қолына  қалам  ұстап, дәуірдің тыныс-тіршілігін  қағазға  түсіретін  журналист  болу.  Бірақ  жолым  болмады. Емтиханнан өтпедім. «Жарайды, оқудан  құлаған бір мен емес қой. Амандық  болса. Келесі жылы  келіп тағы да  бағымды  сынап көремін деп, боқшамды  көтеріп ауылға   тартқанмын.  Келе сала әкемнің  жанына  жұмысқа  тұрдым. Әкей  шопан еді. Жаз  жайлауда  – Тарбағатайда  болып,   су суи  бастаған соң  етекке  түсіп, ауылдан   кем дегенде   отыз-қырық  шақырым болатын  жердегі  Сартерекке  келіп  отырдық.  Айдала. Жалғыз  үйлі,  жалғыз қашар.  Әудем жерде  бұратылып Үржар  өзені ағып  жатыр. Жағасы  қалың  жыныс   тоғай.  Бірде қойды  қырға  ұзатып  салған  әкем, «Жүр ұлым, болашақта  жазғаныңа  керек  болып қалар. Мен  саған бір  жерді  көрсетейін»  деп қашардан біраз жердегі бір  үлкен шұқырға  алып келді.    Үстінен  түспесең,  былай ешкім  байқай  бермейтін   үйдің  орнындай  болатын үлкен  шұңқыр.  Қалың  шөп басқан  шұңқырдың   жиегіне  келіп  тізе бүккен әкем, құран оқыды. Бетін сипады. «Мұнысы несі?» деп   таңқалып  жанында  отырған  маған, «Е, балам-ай,  бұл  жерде осы  маңда  отырған  талай  қазақтың  қаны  төгілген. Бұл  шұңқыр  сол бір  қасіретті кездің  куәсі»  деп әңгімесін  бастаған. «Сонау  ақ  пен  қызыл айқасқан  1918-19 жылдарда  осы  Сартеректе  Болатшы  руының   ішінде Қырықмылтық  деп аталатын  бір атасы   мекен етіпті. Ақ  пен  қызыл соғысқан  заман. Үржар  өзенінің  жағасында отырған   ауылды ақтар келіп  бір  тонап,  қызыл  келіп бір тонап   отырған. Осы  маңда  атаман Аненковшылардың қатты  қарсылығына   тап болған, қызылдар «жергілікті жердегі  қазақтар көмектесті»  деп, қазақ ауылдарын аяусыз  қырып  салғаны  бар. Әсіресе осы  жерде  отырған Қырықмылтық  деп аталатын   ауылға жасаған   қатігездігі  тым ауыр еді. Осы ауылдың  өңкей жастарын жинап  алып, осы шұқырға  алып келіп қырып  тастапты. Бұл шұқыр сол  бір  қанды оқиғаның  куәсі. «Қызыл әскер бізге бақыт сыйлады,  керемет заман  әперді»  деп  айтамыз. Бұл  дұрыс та  шығар. Бірақ  олар да  қазақ   ауылдарын қырғанда   жаудан  бетер  болған. Бірақ   қазіргі  жұрт бұл ауылды  қырған қызылдар  деп  айтпайды. «Анненковтың бандысы»  дейді. Бұл  – қате  пікір.  Бұл таза қызыл қырғын еді»  деп еді әкем. «Бұл әңгімені  маған марқұм көршіміз  Мамырбек ақсақал  айтып еді. Осы  жерді бір  реті келгенде   көрсеткен де сол»  деді әкем. Сол  Сартеректе  біраз  отырдық. Бір  реті  келгенде  әкем екеуміз  өзен  жағасынан тал  шауып әкеліп, шұңқырды қоршап  қойдық.   Сол    қой  соңында  жүргенде  әкем айтқан  бұл  бір  әңгіме.

Тағы  бір жылы Ешенбай  деген  жерде отырдық. Ол  да ауылдан алыс.  Өзен  жағасындағы  жалғыз  үйлі,  жалғыз қашар. Іш пысқан кезде өзенге  суға  түсіп, бүлдіргенін теріп жеп, сол жердің ой-қырын кезіп  жүргенмін. Бірде  өзеннің  бір  иінінде  қалың  талдың  ішінде тұрған  төрт  құлақты  молаға тап  болдым. Ортасында  зәулім қара  тал  өсіп  тұр. Мола   өте көне екен. Балшықтан  көтерілген   қабырғалары қаусап құлай  бастаған. Бір  реті келгенде  әкемнен  сол мола жөнінде сұрағанмын. «Ә,  балам,  оны  байқаған екенсің  ғой. Бұрынғылар оны Талдыбейіт  деп атайтын. Кейбіреулер «қыз Назым  мен ер  Мамытжанның   бейіті» дейді екен.  Балам, бұл бірін-бірі сүйген қос ғашықтың   бейіті. Баяғыда ауылдың көне көз қарттары  жырдай  қылып айтып  отырушы еді. Қазір өмірден  олар озғалы бұл бейітті ешкім  сөз  қылмайды. Тіпті ондай бейіт барында жұрт  ұмытқалы қашан…

Бір жазғаныңа  керек болар  деп әкем сол Талдыбейіт  жөнінде әңгімесін  бастаған. «Мұны да  сол  осы кішкентай  ауылдың қыр-сырын  жетік білетін Мамырбек ақсақал айтып еді. Бұл әңгіме ескі  заманның   сарқыты  сынды  дүние  ғой  деп бастайтын сөзін Мамырбек  ақсақал.   Бұл  сол үлкен  төңкеріске  дейін  болған  оқиға  ғой.

Осы  Тарбағатайдың  күнгейінде  Қаныбек деген атақты бай  өткен.  Сол  байдың көп ұлдың  ішінде өскен жалғыз қызы болыпты.  Қолаң  шашты,   ай  маңдайлы, қарақат  көзді  нағыз сұлу  болса керек-ті. Оған ғашық  болмаған,  сөз  салмаған  еркек  аз екен. Бірақ байдың  қызы  ешкімді керек етпепті. Тек босағасында  жүрген  жылқышы  жігіт Мамытжанға  көңілі ауса керек. Бірақ арқырған әке талшыбықтай  майысқан  сұлу,  жалғыз  қызын  сіңірі  шыққан  кедейге бере қоймасы белгілі. Тіпті   қызға сөз  сала   келген анау-мынау  байлардың өзін  үйінен  менсінбей  қуып  шығыпты  деседі. Ал олардың  жанында  малшы жігіт  кім болсын?

Бір айлы  түні  оңаша  кездесіп,  сөз байласқан  қыз бен жігіт реті  келген  бір күні   елден  қашып  кетуді  ұйғарыпты. Алла жазып  қос ғашық  бір  күні  қашып  шығып, зым-зия жоғалып кетіпті. Дәт  деп  қалған  қыз  әкесі ұлдары мен  жандайшаптарын  айналаға  шаптырып  қанша  іздесе  де  қыз  бен  жігітті  таппапты. Арада  жылжып  ай, табаны  күректей  жыл  өтеді.  Әбден  қызынан  үміті  үзілген  әке іздеуді  қояды.   Бірақ көңілін  үзбесе керек-ті. Бірде жылқышылар  Үржар  өзенінің  төмен  ағысы жағында қос  ғашықты  көргенін   біреулерге сыбырлап айтыпты. «Отыз екі  тістен  шыққан  сөз  отыз екі  руға тарайды»  дегендей, бұл  қаңқу  әңгіме байдың да  құлағына  жетсе  керек. Ашуға булыққан  әке сол  күні-ақ ұлдарымен  қоса, ауылдың  қарулы  жігіттерін аттандырады. Жалғыз  қарындастарының   сіңірі шыққан  кедеймен  бірге  қашып  кеткеніне  ыза мен намысқа  булығып  жүрген  қыздың  ағалары   екеуін  тапса  өлтірмей  қайтпайтындарын ант етісіп  аттаныпты.

Жылқышылардың  көргені  рас  еді. Мамытжан  мен  Назым    елден  жырақ  кетіп, сол  маңды  мекендеп жүріпті. Дүниеге   маңдайы  торсықтай бір  ұл  әкеліпті. Оңаша  тыныш өмірлерін  қуғыншылар бұзса керек-ті. Намысқа тырысқан қыздың ағалары өзен  бойында  қара  қоста  тұрып  жатқан  бұлардың  үстінен  түсіп,  ойнақ  салады.  Бітімге  шақырған қарындастарын   атпен  қағып,   Мамытжанды  сол  жерде сойылдап   өлтіріпті. Мұны  көрген  Назым өзіне-өзі  пышақ  ұрса  керек.  Сүйтіп  қос  ғашық  айдалада,  қара  қостың  түбінде  ажал  құшыпты.  Екпіндері басылған  қыз  ағалары   ет  қызуымен   қос  бірдей ғашықты  өлтіріп  тындырғанына  өкінеді.  Тек  қара  қоста шырылдап  жатқан сәбиді қойындарына  тығып,  қос  ғашықтың  денесін  атқа артып елге  оралыпты. Өз  ісіне  өкінген әке қос  ғашықты  сол қаза  тапқан  жеріне  әкеп бірге жерлеп, мола  тұрғызыпты.  Сол мола осы. Ал  қос  ғашықтың  артында  қалған ұл  кейін ер  жетіпті. 32-нің аштығында елмен бірге Қытайға  өткен екен. Одан арғы тарихын ешкім білмейді. Кейіннен  біреулер моланың   ішіне  діні қатты,  оңайшылықпен   сынбайтын  қара ағаш  егіпті.  Содан  кейін бұл мола Талдыбейіт атанып  кеткен. Қазір  жұрт бұл моланы біле  бермейді» деп әкем әңгімесін   аяқтаған.

Одан бері  де  талай  жыл  өтті. Заманнан  заман  озды.  Дүние  өзгерді. Туған жердің  қыр-сырын айтатын әкеде   өмірден  озғанына  көп  болды. Ауылға барғанда  қырға  ертіп  шығып әңгіме айтатын көкірегі дария  қарттар да  жоқ.  Тек ауылға барған  сайын Көрпебайдың  төбесіне көтеріліп, жан-жаққа   қарауды  әлі  қоймаған  мен  ғана. Қайсы  бір  жылы ауылға барғанда сол  Талдыбейітке  арнайы  барып  қайттым. Бірақ орынан таппадым.  Соңғы  жылдары  қар  көп жауып, өзен  қатты  тасып,  жар  жиегіне  тақау  тұрған  моланы да  құлатып,  ағызып  кетіпті. Тек көкейде әкем айтқан  қос  ғашыққа  байланысты  әңгіме  ғана  қалды.  Әкем  «бір керегіңе жаратып, қағазға  түсіресің»  деп  еді. Сол қарыз болып қалып  қоймасын деп,  айтқандарын  қағазға  түсірдім.

 

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ