АҚШ Дамаскіні химиялық қару қолданды деп тағы айыптады

АҚШ Сирия президенті Башар Асад режимін мамыр айындағы әскери операция кезінде химиялық қару қолданды деп айыптады. АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео 26 қыркүйекте Нью-Йорктегі баспасөз жиынында шабуылды АҚШ барлау қызметі зерттегенін айтты.

Помпео 2019 жылы 19 мамырда Сирияның Идлиб провинциясында болған шабуылды айтып отыр. Болжам бойынша, шабуыл кезінде хлор толтырылған бомбалар қолданылған. Вашингтон бірнеше ай бұрын егер бұл хабарламалар расталса, бұған “шұғыл және сәйкесінше” жауап беретінін мәлімдеген.

Сирия билігі “химиялық қаруы жоқ екенін және химиялық шабуылдарға еш қатысы жоғын” тынбастан айтып келеді.

26 қыркүйекте Помпео журналистерге Сирия үкіметіне жанар-жағар май жеткізетін екі ресейлік компанияға жаңадан санкция салынғанын да хабарлады. Ал Ресейдің СІМ Вашингтон шешімін “саяси ессіздік” деп атады. Министрлік дерегінше, санкция салынған компаниялар Сириядағы ресейлік әскерилерге авиациялық жанар-жағар май тасыған.

Химиялық қаруға тыйым салу бойынша жұмыс істейтін халықаралық ұйым бұған дейін Башар Асад әскерінің химиялық қару қолданғанын бірнеше рет мәлімдеген. Мәскеу мен Дамаскі қарулы “ереуілшілердің өзі химиялық қару қолданды” деп айыптайды. Вашингтон мұны “жалған ақпарат” деп санайды.

АҚШ басқаратын халықаралық коалиция 2014 жылы Сириядағы экстремистермен күрес бастаған. Бұл коалиция сириялық оппозиция күштерін қолдайды. Ал Ресей Сирияға 2015 жылы 30 қыркүйекте әскер кіргізген. Батыс елдері “Мәскеу Сирияның қазіргі президенті Башар Асад әскерін қолдайды” деп бірнеше рет айыптаған. Халықаралық ұйымдар “Башар Асад елде адам құқығын бұзып жатыр” деп сынайды.