АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар 2 миллионнан асты

АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар 2 миллион адамнан асты. Бірнеше штабтың денсаулық сақтау қызметі демалыс күндері атап өтілген Еске алу күнінен кейін науқастардың ауруханаға көптеп түсе бастағанын хабарлаған.

10 маусымда Аризона штатында COVID-19 диагнозы қойылған науқастар саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Еске алу күні штаттың туристік аймақтарына көп адам жиналған.

Карантин шараларын жұмсартқан Техас, Флорида, Солтүстік Каролина штаттары да COVID-19 жұқтырған көп науқас анықталғанын хабарлаған.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар 2 млн 464 мың адамға жеткен, 113 мың адам коронавирустан қайтыс болған. Бұл әлем бойынша коронавируспен байланысты адам өлімінің төрттен біріне тең.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, Латын Америкасы вирустың жаңа ошағына айналған. Мұнда 70 мыңнан астам адам коронавирустан қайтыс болған. Бразилияда шамамен 40 мың адам өлімі тіркелген, өткен тәулікте 1200-ден астам адам қайтыс болған. Науқастар мен адам өлімі көбейгеніне қарамастан Бразилияның ондаған қаласы 11 маусымнан бастап карантин шараларын жұмсартады.