Атамбаевтың тағдыры қыл үстінде

Қырғызстанда елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру мәселесі бойынша парламент депутаттарынан құралған арнайы комиссия жұмысын аяқтады.

БҰРЫНҒЫ ПРЕЗИДЕНТКЕ ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТАР

Қырғыз парламентінің бір топ депутатынан құралған арнайы комиссия қорытындысы бойынша, бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевқа 6 айып тағылды. Ал бұған дейін жария етілген 3 айыптағы іс-әрекеттер Атамбаев президент болған тұста емес, басқа уақытта жасалғандықтан депутаттар оларды қарамауды ұйғарды.

Комиссияның қорытындысын қазір парламенттің құқық тәртібі, сот-құқық мәселесі және қылмыспен күрес жөніндегі комитеті қарап жатыр. Оның нәтижесі кейін жарияланбақ.

Маусымның 17-і күні комиссия отырысында Алмазбек Атамбаевқа келесідей айыптар тағылды:

  • премьер-министр болып тұрғанда қызмет жағдайын пайдаланып, арасында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері де бар Ресейдің 123 азаматына қару берген;
  • коррупциялық жолмен заң бұзып, қылмыс әлеміне танымал атышулы Азиз Батукаевты қамаудан босатуға бұйрық берген;
  • 2011 жылы 35,65 гектар егістік жерді пайдалану мақсатын заңсыз өзгерткен;
  • Кой-Таш ауылынан заңсыз жер алып, кейін оған үй салған;
  • “Ака инвест” және “Терексай Жаштары” компаниялары арқылы күмәнді ақшаны заңдастырған;
  • Бішкек жылу энергетикалық орталығын жаңғырту кезіндегі коррупциялық іс-әрекеттерге араласқан;
  • Бішкекке көмір сатқан компанияның мүддесін қорғаған;
  • өзін сынаған саясаткерлер мен журналистерді қудалаған.