БАҚ: Солтүстік Корея баллистикалық зымыран ұшыруы мүмкін

Солтүстік Корея баллистикалық зымыран немесе ғарышқа ракета ұшыруға дайындық жасап жатқан болуы мүмкін. Бұл ақпаратты Пхеньян маңындағы Санумдон зерттеу орталығы туралы спутниктен түсірілген суреттерді зерттеген АҚШ-тың ұлттық қоғамдық радиосы хабарлады.

 

Санумдон – құрлықаралық және ғарыш зымырандарын құрастыруға арналған орталық. Спутниктен түсірілген суреттерден орталық жанында бірнеше жеңіл және жүк көлігінің тұрғаны, оларға жақын жерде теміржол вагондары мен екі кран тұрғанын көруге болады. Бұл кәсіпорында жаңа зымыран құрастырылып жатқандығынан хабар беруі мүмкін деп топшылайды Монтерейдегі ядролық қаруды таратпау бойынша халықаралық зерттеу орталығының сарапшысы.

8 наурызда түсірілген суреттерден Санумдон алаңында “қызу жұмыстың” бәсеңдегені, алаңда бір кранның жетіспейтіні байқалады. Мамандар пікірінше, бұл цехтағы жұмыстың аяқталуы немесе зымыранның басқа жаққа көшірілуінен хабар беруі мүмкін.

Санумдон зерттеу орталығында “жұмыс қызған” шақта Солтүстік Кореяның батысындағы Сохэ ғарыш айлағында қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. 2018 жылы маусым айында Сингупардағы АҚШ-Солтүстік Корея саммитінен кейін Пхеньян бұл айлақты бұзуға уәде берген. Алайда наурыз айында екі ел басшыларының Ханойдағы сәтсіз кездесуінен кейін нысанды қайта қалпына келтіру жұмыстары байқалған.

 

Оңтүстіккореялық Yonhap агенттігінің жазуынша, Вашинтон Пхеньяннан “зымыран орталығын қалпына келтіруге” байланысты түсініктеме сұрап отыр. АҚШ президенті Дональд Трамп жұма күні журналистерге егер Солтүстік Корея баллистикалық зымырандарын қайта сынақтан өткізе бастаса, “қатты көңілі қалатынын” жеткізген.

Ал АҚШ-тың ұлттық қоғамдық радиосына сұхбат берген кейбір сарапшылар Солтүстік Кореяның баллистикалық емес, ғарышқа зымыран ұшыруы мүмкін екенін айтқан. 2018 жылы көктемде Солтүстік Корея екі спутнигін орбитаға шығаруға дайындалып отырғанын мәлімдеген.