БАҚ: Трамп АҚШ-тың Украинаға әскери көмек беруін тоқтатуы мүмкін

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға 250 миллион доллардың әскери көмегін беруді доғаруы мүмкін. Бұл туралы Батыс басылымдары хабарлады. БАҚ жазуынша, негізгі екі партияның мүшелері бұған қарсылық білдіріп жатыр.

Ақ үй әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілдеріне сілтеген Politico басылымы мен Reuters агенттігі Трамп АҚШ-тың Украинаға әскери көмек беру бағдарламасын қайта қарауды тапсырғанын жазады. Киев бұл көмекті Ресей қолдайтын сепаратистермен қақтығыста жаратып отыр. Politico басылымының жазуынша, Трамп командасына “Қаражат АҚШ мүддесіне орай жұмсалып жатқанына көз жеткізіңдер” деген. Басылымдар “Бұл Трамп әскери көмекті доғаруы мүмкін екенін білдіреді” деп жазады.

Reuters агенттігі 29 тамызда америкалық шенеуніктің “Шетелге көмек беруге келгенде президент АҚШ мүддесі бірінші орында болуы керегін, басқа елдер де [көмекке мұқтаж елге] тиісті көмек көрсетуі тиіс екенін ашық айтады” деген сөз келтіреді.

Ақ үй бұл хабарға қатысты әзірге пікір білдірген жоқ.

Ықпалды сенатор-демократ Дик Дурбин АҚШ Украинаға әскери көмегін доғаруы мүмкін деген хабар тараған тұста мұндай қадам “Украина тұрақтылығына қатер төндіреді” деп мәлімдеді.