БАҚ: Владимир Путин мен Ким Чен Ын таяуда кездесуі мүмкін

Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын мен Ресей президенті Владимир Путин келер аптада кездесіп, келіссөз өткізуі мүмкін. Бұл туралы Кремльдегі дереккөздеріне сілтеме жасап, Yonhap агенттігі хабарлады.

“Ким Чен Ын сәуір соңында Ресейге сапарлап келуі мүмкін” деп жазады агенттік. Басылымның жазуынша, жиын Владивостокта өтеді.

Yonhap-тың жазуынша, Путин 26-27 сәуірде Қытайда өтетін “Бір белдеу – бір жол” форумына қатысады. Агенттік дереккөзі “Путин мен Кимнің кездесуі осы форумнан бірер күн бұрын не кейін өтеді” дейді.

Бұған дейін агенттік Солтүстік Корея мемлекеттік кеңесі басшысының орынбасары Ким Чхан Сон 19-25 наурызда Мәскеу мен Владивостокта болғанын хабарлаған. Агенттік дерегінше, Ким көмекшісінің Ресейге келуі – Солтүстік Корея лидерінің сапары алдындағы дайындық шарасы.