БҰҰ қауіпсіздік кеңесі АҚШ-тың зымыран сынағын талқылады

22 тамызда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі шұғыл отырысын өткізіп, АҚШ-тың жақында зымыран сынағын өткізгенін талқылады. Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері Ресей мен Қытайдың бастамасымен шақырылған жиын БҰҰ сайтында тікелей эфирде көрсетілді.

Ресей мен Қытай биліктері Вашингтонның іс-қимылы халықаралық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп санайды.

Қауіпсіздік кеңесінің отырысында АҚШ-тың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Джонатан Коэн Ресейді бұған дейін жасалған келісім талаптарын бұзып, зымыран әзірлеумен айналысты деп айыптады. Ол сонымен бірге Мәскеуді 8 тамызда Северодвинск қаласының маңында болған оқиғаның жай-жапсары жайлы түсініктеме беруге шақырды. Бұған қоса Коэн Қытайды зымыран күшін нығайтып жатыр деп сынады.

Ресейдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Дмитрий Полянский АҚШ-тың геосаяси амбициясының кесірінен әлем жанталаса қарулануға кірісудің алдында тұр деп мәлімдеді. Оның сөзінше, Вашингтонның Мәскеуді келісімді бұзды деп айыптауына ешқандай негіз жоқ.

Қытайдың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Лю Цзеи жанталаса қарулануды тежеу үшін келісімнің маңызды болғанын айтты. Ол АҚШ пен Ресейді диалогқа шақырып, Вашингтонның аталған келісімнен шығуының жағымсыз салдары жайлы ескертті. Қытай өкілі Ақ билігі Пекинді “негізсіз айыптап” отыр деп мәлімдеді.

19 тамызда АҚШ құрлықтағы қанатты зымыран сынағын өткізгені туралы хабарлаған. Пентагон Калифорниядағы Сан-Николас аралынан ұшырылған зымыранның 500 километр қашықтағы нысанаға дәл тигенін айтқан. Бұл – АҚШ-тың зымыран келісімінен шыққаннан кейін өткізген алғашқы сынағы. АҚШ пен Совет одағы (Ресей) 1987 жылы бекіткен орта және қысқа қашықтыққа арналған ядролық зымырандар туралы келісім шарты АҚШ пен Ресей қарулы күштеріне 500 километрден 5500 километрге дейін ұша алатын құрлықтағы зымырандарды сынақтан өткізуге тыйым салатын.

Осы келісімнен биыл 2 тамызда шыққан АҚШ әкімшілігі бұл шешімге Ресейдің екіжақты уағдаластықты көп уақыт бойы бұзып келгені себеп болды деп мәлімдеген. Мәскеу бұл айыптарды жоққа шығарады.