БҰҰ: Сирияда әуе шабуылы салдарынан он күнде 100-ден астам адам қаза тапты

Сирия солтүстігіндегі әлеуметтік-азаматтық нысандарға жасалған әуе шабуыл салдарынан соңғы он күнде жүзден астам адам қаза тапты. Бұл ақпаратты БҰҰ-ның Жоғарғы комиссары Мишель Бачелет хабарлады.

Оның айтуынша, авиашабуылды Асад үкіметі мен онымен одақтас Ресейдің қарулы күштері ұйымдастырған. Әскерилер атқылаған нысандар арасында мектептер, ауруханалар, базарлар мен наубайханалар болған.

“Мәселе азаматтық нысандар жайында болып отыр. Мұндай шабуылдардың жиі болатынын ескерсек, оларды жаңылысып атқылады деуге келмейді” деді Мишель Бачелет.

22 шілдеде Сирия солтүстігіндегі Маарет-ан-Нуман қаласында ресейлік ұшақтар операция ұйымдастырды деген ақпарат шыққан. Бұл аумақты “Хайят Тахрир аш-Шам” коалициясының өкілдері бақылайды. Бұл топқа “Жебхат ан-Нусра” тобының бұрынғы содырлары жетекшілік етеді. Әуе шабуылы салдарынан кемінде 23 адам қаза тапқан.

Бір күн бұрын Идлиб қаласында ресейлік ұшақтар операция өткізіп, 18 бейбіт тұрғын қаза тапқаны хабарланды. Ресейдің қорғаныс министрлігі шабуылға араласпағанын айтып, ақпаратты жоққа шығарды.

Аймақтың бір бөлігін Түркия мен Ресей әскерилері бірігіп күзетеді. Деэскалация және демилитаризация аймағын құру туралы уәделеріне қарамастан әскери шабуыл әлі жалғасып келеді. Сириялық құқық қорғаушылардың хабарлауынша, Идлиб аймағында сәуір айынан бері кемінде 650 адам қаза тапқан.