Еуропарламент депутаттарын Венесуэлаға кіргізбеді

Еуропарламент депутаттары оппозиция лидері Хуан Гуайдомен кездесуге келген еді. Бірақ оларды елге кіргізбеген. Бұл туралы 18 ақпанда делегация өкілі Эстебан Понс Twitter парақшасында хабарлады.

Венесуэла шекарашылары Еуропарламент депуттарының төлқұжатын тәркілеп алған. Венесуала сыртқы істер министрлігі Twitter парақшасында Еуропарламент депуттарына елге кіргізілмейтіні алдын ала айтылғанын жазды. Ресми Каракастың пайымдауынша, Еуропарламент депутаттары Венесуэланың бейбітшілігіне қауіп төндіреді.

Қаңтардың соңында Венесуэла Ұлттық ассамблеясы (парламент) спикері әрі оппозиция лидері 35 жастағы Хуан Гуайдо Николас Мадуроның қызмет міндетін дұрыс атқара алмай отырғанын мәлімдеп, өзін “уақытша президентпін” деп жариялаған. АҚШ, Бразилия, Канада, Израиль, Еуропа одағы елдерінің бірқатары мен Латын Америкасы мемлекеттерінің көбі оны Венесуэланың уақытша президенті деп таныды.

Бұған дейін Мадуро елде кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы ұсынысты қабылдамай, оның орнына парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге шақырған еді. Ол АҚШ-ты Венесуэлаға әскер кіргізуге дайындалып жатыр деп айыптады. Мадуроны Ресей, Куба, Түркия мен Қытай қолдайды.

Мұнайға бай Венесуэлада тұрғындар бірнеше жылдан бері азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығын көріп отыр. 2018 жылы елдегі инфляция көрсеткіші бір миллион пайыздан асып кетті. Соңғы бірнеше жыл бойы президентке наразылық акциялары бәсеңдемей отыр. Осы уақыт ішінде үш миллионға жуық адам шетелге кеткен.