Франция сенбіден бастап комендант сағатын енгізеді. Шара Covid-пен күрес аясында қабылданды

Франция коронавирус індетінің екінші толқынымен күрес аясында комендант сағатын енгізгелі отыр. Ел президенті Эммануэль Макрон халқын кешкі сағат 9.00-ден таңғы сағат 6.00-ге дейінгі аралықта көшеге шықпауға шақырды. Шара Covid індетінің тарауын тежеу үшін қабылданды. Комендант сағаты тәртібі Парижде және одан өзге сегіз қалада орнайды. Олар: Марсель, Лилль, Сент-Этьен, Руан, Тулуза, Гренобль және Монпелье. Бұл туралы BBC хабарлады.

Комендант сағаты сенбі, 17 қазаннан бастап күшіне енеді. Әзірге бұл шара төрт аптаға созылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласында төтенше жағдай тәртібі енгізіліп отыр. Бірақ мектептер бұрынғыша жұмыс істей береді, күн жарықта қалааралық сапарға шығуға болады.

Сәрсенбі, 14 қазан күні Францияда 23 мың адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Еуропа елдерінің көбі аурудың тарауын тежеу үшін карантин шектеулерін қайта енгізіп жатыр. Нидерландыда кафелер, барлар және ресторандар жабылды. Дәл осындай шара Испанияның Каталония аймағында да қабылданды.

Чехия Республикасында кейінгі аптада вирус жұқтырғандар саны артып, 14 қазаннан бастап мектептегі оқу қашықтан жүргізіле бастады. Барлар мен ресторандар мұнда да жабылды.

Еуропада вирус жұқтырғандар саны тәулік сайын 100 мың адамға артып отыр. Чехия мен Франциядан бөлек жоғарғы көрсеткіштер Италия мен Швейцарияда да тіркеліп отыр.