Гуайдо: Ресей әскерилерінің Венесуэлаға келуі – елдің ішкі ісіне араласу

Венесуэла оппозициясының лидері, соңғы бірнеше айдағы саяси дағдарыс кезінде 23 қаңтарда өзін уақытша президент жариялаған Хуан Гуайдо Венесуэлада ресейлік әскерилердің жүруі “ел Конститутциясын бұзу және елдің жеке ісіне араласу” деп мәлімдеді. Бұл туралы AFP хабарлады.

Каракасқа жүзге тарта ресейлік әскеридің келгені туралы 25 наурызда түнде белгілі болған. Каракас әуежайына екі ұшақ – Ил-62 және Ан-124 Ресей құрлық әскері бас штабының басшысы, генерал Василий Тонкошкуров бастаған әскери формадағы 99 адам мен 3,5 тонна жүк пен жеткізген. Олар жеке әскери компания жауынгерлері ме, әлде әскери қызметкерлер ме – белгісіз: Венесуэла билігі бұл туралы ақпарат таратпады.

Жағдайға қатысты жалғыз комментарий берген Ресей сыртқы істер министрлігі. Ведомство сөзінше, ресейліктер әскери-техникалық серіктестік жайлы кеңесуге келген. Reuters АҚШ үкіметіндегі дереккөзіне сілтеме жасап, Венесуэлаға жеткендер арасында киберқауіпсіздік бойынша мамандар барын хабарлады. Олардың ықтимал миссиясы – үкімет инфрақұрылымына қолдау көрсету.

50-ден аса ел президент таныған оппозиция лидері Хуан Гуайдо: “Мадуро үкіметі өз әскеріне сенбейтін сияқты. Осы себепті де ел Конститутциясын бұзып, әскерилерді шетелден тасымалдай бастады” деп мәлімдеді.

 

 

Гуайдоның сөзінше, “елге жеткен электрогенераторлар да, инженерлер де емес”. “Олар біздің елге шетелдік сарбаздарды алып келді. Мадуро емес, оппозиция басқаратын Ұлттық ассамблея ғана (Венесуэла парламенті) ел аумағында шетелдік сарбаздарды пайдалануға рұқсат бере алады” деді Гуайдо.

Ресей мен Қытай – Мадуроның ең ірі жақтаушылары. Ал Гуайдоны АҚШ пен Еуропа одағы, Латын Америка елдерінің шамамен барлығы, сондай-ақ басым бөлігі батыс елдерінен тұратын 50-ден аса мемлекет қолдайды.