Иран билігі Ресей журналисін босатты

Иран билігі Ресей журналисі, орыс тілінде жарық көрген “Невесты Аллаха” (“Аллах қалыңдықтары”) кітабының авторы Юлия Юзикті босатты. Тегерандағы Ресей елшілігі журналистің Ираннан Мәскеуге ұшып кеткенін хабарлады.

Иран Ислам революциясы сақшылары Юзикті 4 қазанда ұстаған. Журналист Борис Войцеховскийдің сөзінше, оны “Израильдің арнайы қызмет өкілдерімен әріптестік орнатты” деп айыптаған.

“Қайтар кезде аласың” деп әуежайда оның төлқұжатын тартып алды. Иран Ислам революциясы сақшылары қонақ үйдегі бөлмесінің есігін сындырып кіріп, Юлияны сол жерден алып кеткен. Мәскеуге тек кеше (8 қазан – ред.) хабарласуға рұқсат берді, оның өзінде бір минут сөйлесуге ғана рұқсат берді” деді Войцеховский.

7 қазанда Иран үкіметінің ресми өкілі Әли Рабии Юлия Юзикті тыңшылық емес, визалық мәселелерге байланысты ұстағанын хабарлады.

Юлия Юзик Ресейдің Ростов облысында 1981 жылы туған. Солтүстік Кавказдан шыққан “өзін-өзі жарған” екі қыз туралы “Невесты Аллаха” атты кітабы жарық көргеннен кейін танымал болған.

2016 жылы мемлекеттік думаға “ПАРНАС” партиясы атынан кандидатурасын ұсынған. Журналист Кавказда да қоғамдық жобалармен айналысады.