Экс-президент Бакиевтің елден шығарылған қаржысы Қырғызстанға қайтарылды

АҚШ әділет министрлігі Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев пен оның ұлы Максим Бакиев екеуінің елден шығарған 4,5 миллион доллар қаржыны Қырғызстанға қайтарғанын мәлімдеді. 27 ақпанда Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, ақша Қырғызстанның қаржы министрлігіне аударылған.

Ақпаратқа қарағанда, барлығы алты миллион доллардың ізі Бакиев отбасының жеке банкирі Евгений Гуревичке қарсы қозғалған істі тергеу кезінде анықталған.

АҚШ-тың әділет министрлігінің хабарламасында қырғыз үкіметі бұл қаржыны аймақтардағы ауруханаларға медициналық құрал-жабдық сатып алуға, тұрғындарды таза сумен қамту жобалары мен жемқорлыққа қарсы бағдарламаларға жұмсайтыны айтылған.

25 ақпанда Бішкекте Құрманбек Бакиев билігі тұсында қолды болған активтерді кері қайтару туралы келісімге АҚШ пен Қырғызстан өкілдері қол қойды. Ақпаратқа қарағанда қазір қалған қаржыны да қайтару жұмыстары жүріп жатыр.