Кірленген туды көрген Пашинян кеңсе қызметкерлерін жұмыстан қуды

Құқық қорғаушылар Армения премьерминистрініңдөрекіәрекетін сынады.

Өткен жылы Армениядағы наразылық шараларына жетекшілік етіп, билікке келген Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян елдің мемлекеттік құрылымдарын “жемқорлықтан тазартам” деп уәде еткен еді.

Ол елдегі мемлекеттік рәміздерді де “тазартуды” қолға алған сияқты.

Сәуірдің 9-ы күні Еревандағы кедендік нысандарды аралаған кезде Пашинян кеңселердің бірінен кірленген армян туын байқап қалған. Кеңсе қызметкерінің ресми топты қажетті дәрежеде қарсы алмағанына онсыз да ренжулі болып тұрған премьер-министр кірленген жалауды көрген кезде бөлмедегі барлық қызметкердің қызметінен кететінін айтқан.

Пашинянның кедендік нысындарды аралауы. 9 сәуір 2019 жыл. (Видео армян тілінде).

Мемлекеттік кіріс комитетінің өкілдері қызметкерлерін жұмыстан кетіру туралы ресми түрде бұйрық алмаса да, Пашинян шүйліккен кеңсе қызметкері Аик Мартиросян ертесінде өз еркімен жұмыстан шығып кеткен.

“Егер біреу Армения республикасы премьер-министрінің Арменияның туын қорғай алмайтынына куә болса, онда біздің мемлекет туралы түсінігіміз басқа болғаны” деді Пашинян сапардан кейін журналистерге.

Азаттық тілшісі қызметінен кеткен Мартиросянға хабарласқан кезде ол “басшылардың рұқсатынсыз” мәселеге қатысты пікір айта алмайтынын жеткізген.

 

Өзін халық адамы ретінде көрсетуге тырысатын Пашинян ондаған мың адам қатысқан “жемқор ескі жүйеге” қарсы өткен жылғы наразылықта басты тұлғаға айналған еді. Бірнеше айға созылған наразылық кезінде азаматтар президент өкілетін екі мерзім атқарған және премьер-министр ретінде сайланғысы келген Серж Саргсянның биліктен кетуін талап етіп, елдегі жемқорлыққа қарсы шыққан.

Билікке келгеннен кейін 43 жастағы премьер-министр және бұрынғы журналист Никол Пашинян халыққа 1991 жылдан бері елді басқарып келе жатқан “ескі гвардия өкілдерінен” билікті тазартуға айрықша мән беретінін айтқан еді.

 

Қазір елдің бұрынғы президенті Роберт Кочарян қамауға алынған, оған Арменияның “конституциялық құрылымын құлатпақ болды” деген айып тағылған.

Пашинянның экономикада жүйелі түрде терең реформа жүргізу бойынша талпынысы қоғамда жоғары бағаланғанмен кейбір құқық қорғаушылар оның талаптарының заңдық және этика жағын көтереді.

Мысалы, оның саяси қарсыластары трансгендер әйел Лилит Мартиросянның 5 сәуірде Армениядағы жыныстық азшылық өкілдері құқығының бұзылуы жайлы парламентте сөйлеуіне қарсы шыққан кезде Пашинян бұрынғы билік өкілдерінің Мартиросянға әйел ретінде төлқұжат беруін сынап, мәселені саясиландыруға тырысқан.

“МЕН БІР-АҚ РЕТ АЙТАМ

Кедендегі оқиғадан кейін құқық қорғаушы Жанна Алексанян Пашинянды көп алдында қызметкердің намысына тиіп, сөккені үшін айыптады. Ол оқиғаны “дөрекі” және “масқара жайт” деп атады.

“Кез келген өркениетті ел премьер министрінің азаматтарына осылайша дөрекілік көрсетіп, қоқан-лоқы жасағанын елестете алмаймын” деді құқық қорғаушы. Ол Пашинянның кірленген туға байланысты ескертуін орынды деп атағанмен көпшілік алдында қызметкерін сөккенін сынады.

“Менің ойымша, бұл кеден қызметкерінің намысына тиетін нәрсе. Бұдан бөлек, премьер министрдің оны жұмыстан босатуына құқығы жоқ” деді ол.

Құқық қорғаушы Артур Сакунт та мемлекеттік кіріс комитетінің басшысы немесе кеден қызметіндегі жоғары лауазымды тұлғалардың ғана Мартиросянды заңды түрде қызметтен ала алатынын айтқан.

Алайда Пашинян Facebook желісінде “мен бір-ақ рет айтам” деп шешімін өзгертпейтінін жазған.

“Егер ондаған мың адамды жұмыстан шығару керек болса, шығарам, бірақ ұлттық рәмізге деген сондай қатынасты көргім келмейді және бұл соңғы сөзім” деп жазған.

Дерек көз.  Азаттық радиосы