Лукашенкоға қарсы наразылық шарасына 100 мың адам жиналды, 200-ден астамы ұсталды

Минск және Беларусьтің өзге ірі қалаларында жексенбі күні кезекті наразылық акциялары өтті. Минскіде “Әділет маршына” журналистердің есебінше, 100 мыңнан астам адам қатысқан. Қала орталығына әскерилер мен әскери техника әкелінген. Жексенбі күні кешке қарай құқық қорғаушылар 200-ден астам адамның (басым бөлігі – Минскіде) ұсталғанын хабарлады.

Өткен жексенбідегідей наразылар “Минск – батыр қала” (“Минск – город-герой”) мемориалы маңына жиналып, сол жерден шеруді бастаған. Арнайы жасақ кейбір көшелерді, Тәуелсіздік даңғылын да жапқан.

Бірнеше колонна болып жүрген демонстранттар шеруі бірнеше сағатқа созылған. Құқық қорғау қызметкерлері жолды жауып, колоннаны бірнеше жерден үзген. Бұдан соң ұстай бастаған.

Кейбір қалаларда арнайы жасақ наразылық акциясына қатысушыларды дөрекі түрде ұстаған. Гродно қаласында ұсталған ондаған адам арасында аяғы ауыр әйел де болған. Кейінірек босатылған.

Брест қаласында құқық қорғау органдары көзден жас ағызатын газ шашып, әуеге оқ атқан. Арнайы жасақ пен наразылар қақтығысып қалған.

  • Президент Александр Лукашенконың отставкасын талап еткен наразылық шаралары 9 тамыздан бері өтіп келеді. Наразылар президент сайлауының қорытындысы бұрмаланды деп есептейді. Олар сонымен бірге милиция қызметкерлерінің күш қолданғанына қарсы. Жексенбі күнгі акцияларға ондаған мың адам қатысып жүр. АҚШ пен Еуроодақ белорус билігінің әрекетін сынап, дауыс ұрлау мен күш қолдануға қатысы бар шенеуніктерге санкция қолдану мәселесін қарастырып жатыр. Ресми Мәскеу Лукашенконы қолдады.
  • Жексенбі күні әлемнің бірнеше қаласында Беларусьтегі демонстранттарды қолдаған ынтымақтастық акциялары өтті. Азаттықтың Беларусь қызметінің хабарлауынша, осындай акция Франция, Бельгия қалаларында, Киев, Санкт-Петербургте өткен.