Мені ұстауға келсеңдер, атысамын – экс-президент Атамбаев

Алмазбек Атамбаев өзін ұстауға арнайы қызметтер келіп жатса – кәдімгідей қарсылық танытатынын ашық айтты, деп жазады 24.kg.

– Мен бәріне дайынмын, – деді журналистерге Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев, сізді ұстаған жағдайда не істейсіз деген сұраққа жауап бергенде.

Оның сөзінше, елде қазір бұрынғы президентті қамауға алуға дайындық жүріп жатқаны туралы ақпарат бар.

– Мені ұстауға дайындық жүріп жатқанын бәріміз білеміз. Күштік құрылымдар арасында да менің жақтастарым көп. Сауатсыз адамдардың сауатсыз бұйрықтарына шағымданып ҰҚК, ІІМ-де жүрген талай офицер жылап келген маған. Мен бәріне дайынмын. Қарсылық көрсетемін. Наградалық қаруым бар. Мұны бұйрықты орындайтын жігіттер естісін деп әдейі айтып тұрмын. Қырғызда мақал бар ғой: “жатып өлгенше атып өл” деген, – деді Алмазбек Атамбаев.

Айта кетсек, күні кеше Жогорку Кенеш Алмазбек Атамбаевты Қырғызстанның экс-президенті мәртебесінен айырды.