Нұр-Сұлтанда Сирия жөніндегі келіссөздер өтетін болды

Сирия жөніндегі Астана форматындағы кезекті басқосу 1-2 тамызда өтеді, деп хабарлады Ресей СІМ басшысының орынбасары, президенттің Таяу Шығыс және Африка елдері жөніндегі арнайы өкілі Михаил Богданов.

Бұл туралы РИА Новости жазды.

– Кездесудің датасы анықталды. Ол отырысқа қатыса алатын барлық мүдделі тараптар арасында келісімге қол жеткізілді. Кездесу 1-2 тамызда Нұр-Сұлтанда өтеді, – деді Богданов.

Арнайы өкіл хабарлағандай, Ресей, Түркия және Иранның Сирия бойынша саммиті Нұр-Сұлтандағы кездесуден кейін өтуі мүмкін.

– Тамыздың басында Нұр-Сұлтанда Сирия жөніндегі кезекті, он екінші халықаралық кездесу болады. Белгілі бір инновация бар, өйткені бақылаушы ретінде тұңғыш рет Ливан мен Ирак өкілдері қатысатын болады, – деп қосты Богданов.

Оның сөзінше, Ресей, Түркия және Иранның Сирия бойынша саммиті Нұр-Сұлтандағы кездесуден кейін өтеді, ол саммитті бұл жолы Түркия қабылдайды.