Оппозиция қарсылығынан кейін Абхазия президенті қызметінен кетті

Өзін өзі жариялаған Абхазия республикасының президенті Рауль Хаджимба қызметінен кетуге келісті. Оның келісім берген хаты оппозиция өкілдеріне тапсырылды.

“Эхо Кавказа” тілшісінің хабарлауынша, оппозиция жетекшісі Аслан Бжания Ресей елшілігінде Ресей президентінің Сухумиге келген кеңесшісі Владислав Сурковпен кездескен. Хаджимба Сурковпен кездесуден бас тартқан.

Бірнеше күннен бері Абхазия басшысының әкімшілігіне тосқауыл қойып келген наразылар қаңтардың 12-сіне түстен кейін президентттің резиденциясына бет алған. Олардың жетекшісі Ахра Авидзба оппозициямен келіссөзден кейін Рауль Хаджимба қандай шешімге келгенін білгілері келетінін хабарлаған. Келіссөз жексенбі түстен кейін Ресей қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Рашид Нұрғалиевтің делдалдығымен өткен.

Абхазия Орталық сайлау комиссиясы жексенбі күні президент қайта сайланатын күнді белгіледі.

Оппозициядағы депутат Батал Табагуа президент резиденциясының алдында тұрған наразыларға Хаджимбаның қызметінен кететіні туралы құжатты оқып берді.

Абхазия 1994 жылы, Грузиямен қарулы қақтығыстан соң тәуелсіздік жариялаған. 2008 – 2009 жылдары Ресей – Грузин әскери қақтығысынан кейін Абхазияның тәуелсіздігін Ресей мен әлемнің тағы бірнеше мемлекеті мойындаған. БҰҰ мүшелернің басым көпшілігі Абхазияны Грузия аумағы деп санайды. Абхазияны “Ресей басып алған аумағымыз” деп есептейтін Грузия ондағы сайлауды да тән алмайды.