Өзбекстан Ирак пен Сириядан 235 азаматын қайтармақ

Өзбекстан Сирия мен Ирактан 235 азаматын қайтарады. БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесі жиынында Өзбекстанның сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов осылай деп мәлімдеді.

“Қазір Ирактан – 65 бала, Сириядан 170 адам келеді деп күтіп отырмыз. Бұл тұрғыда біз халықаралық ұйымдар мен Таяу Шығыста болып жатқан процеске тікелей қатысы бар мемлекеттердің қолдауына зәруміз. Бұл ең бірінші кезекте БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелеріне қатысты” деді Камилов.

Ол қақтығыс ошақтарынан елге қайтарылғандарды қоғамға бейімдеу бойынша Өзбекстанның тәжірибесі барын алға тартып, мұндай әріптестікке дайын екенін атап өткен.

2019 жылы 30 мамырда “Мейірім” гуманитарлық операция аясында Өзбекстан Сирия мен Ирактан 156 адамды еліне қайтарды. Олардың басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Операцияға бірқатар елдер мен “Қызыл крест”, ЮНИСЕФ сияқты халықаралық ұйымдар көмектескені хабарланды.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Сириядан келген кейбір азаматтар сотқа тартылған. Қалғаны оңалту орталықтарына жіберілген.