Пәкістанның бұрынғы премьер-министрі жеті жылға сотталды

Пәкістанның антикоррупциялық соты бұрынғы премьер-министр Наваз Шарифті “жасырған мүлкі көрсетілген кіріс көзінен асып кеткен” деп айыптап, жеті жылға түрмеге қамау туралы шешім шығарды

24 желтоқсан күні Исламабад соты Шарифке жемқорлық ісі бойынша тағылған тағы бір айыпты “дәлелсіз” деп тапты.

Бұрынғы премьер-министр тағылған айыптарды мойындамайды және оның саяси астары бар деп санайды. Үкімге қатысты қайта шағым түсіретінін мәлімдеді.

Сот үкім оқыған соң полицияға Шарифті Исламабад маңындағы Адиала түрмесіне апарып қамауды тапсырған. Жергілікті БАҚ сот ғимаратын мың шақты полиция күзетіп тұрғанын хабарлады. Наваз Шариф сотқа келген сәттен оның қолдаушылары тәртіп сақшыларына тас лақтырып, наразылық білдіріп, сот залына кірмек болған. Бірақ полиция оларды көзден жас ағызатын газ шашып таратқан.

Маусым айында сот Шарифті “Пәкістаннан қаржы жымқырып, Лондоннан қымбат пәтер сатып алған” деп айтыптап, 10 жылға соттаған. Ол кезде де Шариф үкімге қарсы шағым жазып, кепілге босап шыққан.

Шарифке қатысты іс 2016 жылы сәуірде Панамадағы Mossack Fonseca фирмасы құпия құжаттарын жариялаған соң қозғалған. Ол құжаттарда Шарифтің екі ұлы мен қызының кем дегенде үш офшорлық компанияның иесі екені жазылған.

Наваз Шариф премьер-министр қызметінен былтыр босағанСаяси қарсыластары Шариф пен оның отбасын елден ақша ұрлап, оны Лондонда жылжымайтын мүліктер сатып алуға жұмсады деп айыптайды.

Шарифтің жақтастары мен кейбір саяси сарапшылар оның биліктен кетуіне елде ықпалы күшті әскерилердің қатысы бар деп санайды

 

Дереккөз.  Азаттық  радиосы