Қырғызстан: Прокурор Атамбаевты 15 жылға соттауды сұрады

16 маусымда Бішкектің Первомай аудандық сотында қылмыстық топ жетекшісі “Азиз Батукаевты заңсыз босату ісі” бойынша процесте жарыссөз болды. Бұл іс бойынша айыпталушылар арасында бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев та бар.

Экс-президенттің адвокаты Замир Жоошевтың айтуынша, айыптау тарабы Алмазбек Атамбаевтың бас бостандығын 15 жылға айыруды сұраған. Бұған қоса, барлық мемлекеттік наградаларынан айырып, мүлкін кәмпескелеуді өтінген. Сот үкімі 18 маусымда оқылуы тиіс.

Батукаевты заңсыз босату жөніндегі қылмыстық істе 19 айыпталушы бар. Төрт айыпталушының (арасында Алмазбек Атамбаев та бар) ісі жеке өндіріске бөлініп, Первомай аудандық сотына жіберілген. 14 адам тергеу тарабымен келісім жасасқан. Олардың ісі Свердлов аудандық сотына жіберілген.

Қылмыстық топ жетекшісі Азиз Батукаев 2013 жылы Нарындағы түрмеден денсаулығына байланысты мерзімінен бұрын босатылған. Дәрігерлердің берген анықтамасында оның “ауыр сырқатқа ұшырағаны” жазылған. Сол кезде ол Бішкектің халықаралық әуежайына жеткізіліп, сол жерден Грозныйға ұшып кеткен.

2019 жылы Ресейдің ішкі істер министрлігі бұл факт бойынша тергеу амалдарын қайта бастаған. Қазір іс сотта қаралып жатыр. Оны заңсыз босату бойынша істе Алмазбек Атамбаевтан бөлек, бұрынғы бас прокурор Индира Жолдыбаева, қылмыстық атқару мемлекеттік қызметі төрағасының бұрынғы кеңесшісі Калыбек Качкыналиев, гематология орталығының бұрынғы директоры Абдухалик Райымжанов бар. Бұл іс бойынша, өзге де бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалар айыпталған.