Қырғызстанда жаңа үкімет жасақталды, Марипов премьер-министр болды

Жогорку кеңештің 3 ақпан күнгі отырысында жаңа үкімет мүшелері ант берді. Рәсімге президент Садыр Жапаров қатысты. Отырыс өтпей тұрып бірер сағат бұрын парламент Улукбек Мариповті премьер-министр қызметіне бекіткен. Бұған қоса, министрлер құрамы мен құрылымы, бағдарламалар да анықталған.

Садыр Жапаров содан кейін Мариповті премьер-министр ретінде тағайындау және үкімет мүшелерін бекіту туралы жарлыққа қол қойған.

Марипов кандидатурасын «Республика-Ата Журт» фракциясы ұсынған. Ол 2016 жылдан бері есеп палатасын басқарған. Оған дейін президент аппараты жетекшісінің бірінші орынбасары болған.

Жаңа министрлер кабинеті жасақталып, үкімет құрылымы да едәуір өзгерген. Жаңа билік министрлік, комитет пен агенттіктердің санын 48-ден 12-ге дейін қысқартқан. Министрлер кабинетінің 16 мүшесі бар.

Жаңа қырғыз үкіметінің құрамы төмендегідей:

  • Улукбек Марипов – премьер-министр;
  • Артем Новиков – бірінші вице-премьер;
  • Улукбек Кармышаков – экономика және қаржы жөніндегі вице-премьер;
  • Жениш Асанкулов – үкімет аппаратының жетекшісі;
  • Таалайбек Омуралиев – қорғаныс министрі;
  • Руслан Казакбаев – сыртқы істер министрі;
  • Асель Чынбаева – әділет министрі;
  • Алымкадыр Бейшеналиев – денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі;
  • Алмазбек Бейшеналиев – білім және ғылым министрі;
  • Кайрат Иманалиев – мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі;
  • Бообек Ажикеев – төтенше жағдай министрі;
  • Улан Ниязбеков – ішкі істер министрі;
  • Гулмира Абдралиева – көлік, сәулет және коммуникация министрі;
  • Кубанычбек Турдубаев- энергетика және өнеркәсіп министрі;
  • Аскарбек Жаныбеков – ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы және аймақтарды дамыту министрі;
  • Камчыбек Ташиев – ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы.