Рахмон билігі “Тәжікстан аумағында коронавирус жоқ” деп санайды

Душанбе қаласы прокуратурасының бөлім бастығы Жалолиддин Пиров сәуірдің 19-ына таңертең қайтыс болды. Ол 13 сәуірде тыныс алуы қиындаған соң ауруханаға жатқызылған. Тәжікстан денсаулық сақтау министрлігі оны “пневмония мен H1N1 тұмауынан қайтыс болды, коронавирус инфекциясы жоқ” деп хабарлады. Алайда, Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, Пировпен бір палатада болғандардың бәрі карантинге жіберілген.

“Тест коронавирус жоқтығын көрсетті, бірақ сақтық үшін туыстарының бәрі карантинге алынды. Денсаулықтары бірқалыпты”, – деп мәлімдеді Тәжікстан денсаулық сақтау министрлігі. Душанбе мектебінде сабақ беретін шешесі де ұлы қайтыс болған соң барлық оқушыларымен бірге карантинге жатқызылған деген хабар бар.

Қайтыс болған Пировтың туыстарының сөзінше, оның табытқа салынған денесін қорғаныс киімін киген медицина қызметкерлері жедел жәрдеммен әкелген. Қоштасуға аз уақыт беріп, табытты ашуға рұқсат бермей, дереу жерлеуге әкеткен.

Прокурор Душанбедегі инфекция ауруханасына 13 сәуірде “пневмония” диагнозымен түскен. “Ахбор” порталының мәліметтеріне қарағанда, ол жақында ғана шетелге барып келген, бірақ таныс-тамырларын пайдаланып 14 күн міндетті карантинге жатпаған.

Бұрын Тәжікстан денсаулық сақтау минисрлігі Бохтар қаласында аурухананың 58 жастағы қызметкері қайтыс болғанын хабарлаған еді. Ол Тәжікстанның Ресейден келген 400-дей азаматы карантинде жатқан аумақты жұмыс істеген. Алайда тәжік билігі медбике коронавирустан емес “құрт ауруынан және жүрек сырқатынан өлді” деп жариялаған.

Президент Эмомали Рахмон билігі “Тәжікстан аумағында коронавирус жоқ” деп санайды. Пневмониядан өлгендердің күт көбейгенін “пневмонияның белгілі бір кезең мен ауа-райына байланысты қозатынынан” көреді.