Ресей Венесуэладан әскерін әкеткенін хабарлады

Ресей әскері Венесуэладан кетеді. Бұл ақпаратты Каракастағы Ресей елшілігі хабарлады.

Елшілік өкілдерінің сөзінше, бұған дейін жоспар бойынша жұмыс істеген ресейлік сарбаздар 26 маусымда Мәскеуге Ил-62 ұшағымен ұшып кетуі тиіс. Әзірге нақты қанша адамның Ресейге ұшатыны айтылмайды.

25 маусымда Reuters агенттігі Каракасқа Ресей қорғаныс министрлігінің ұшақтары жеткенін хабарлаған. Дәл осы ұшақ наурыз айында Ан-124 тасымалдау ұшағымен бірге Каракас әуежайына қонған еді. Ол кезде Ресейден шамамен 100 сарбаз әкелінгені хабарланды. Reuters дерегінше, 24 наурызда Венесуэлаға ұшып келген ресейлік сарбаздар арасында арнайы әскери мамандар атап айтқанда, киберқауіпсіздік саласында маманданған әскерилер де болған.

Венесуэлаға ресейлік әскери ұшақтардың келуі Вашингтон мен Мәскеу арасындағы дипломатиялық дауға себеп болған. Ақ үй Мәскеуді Венесуэланың ішкі ісіне араласуға тырысты деп айыптады. АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей Венесуэладан кетуі керек деп мәлімдеді. Ал Ресейдің сыртқы істер министрлігі ұшақтарда қару-жараққа байланысты келісім-шартқа қатысы бар мамандар ғана болғанын айтқан.

Венесуэлада жыл басынан бері оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдо мен ел президенті Николас Мадуро арасында текетірес жалғасып келеді. Гуайдоны елдің заңды президенті ретінде АҚШ, Еуропа елдерінің басым бөлігі, Оңтүстік Америка елдері мойындаған. Мадуроны Ресей, Қытай, Түркия, Иран, Куба және Боливия қолдайды.