“Революция күтудің керегі жоқ”. Лукашенко үкіметті отставкаға жіберді

Беларусь президенті Александр Лукашенко қазіргі үкіметті отставкаға жіберу туралы шешім шығарды. Тиісті жарлыққа қол қойды. Бұл туралы 3 сәуірде “Беларусь 1” телеарнасының эфирінде белгілі болды, – деп хабарлайды “БЕЛТА“.

Үкіметтің жаңа құрамы бойынша ұсынысты президент жиналыс кезінде талқылады. Жиынға Республика кеңесінің төрайымы Наталья Кочанова, Өкілдер палатасының төрағасы Владимир Андрейченко, Президент әкімшілігінің басшысы Игорь Сергеенко және Қауіпсіздік кеңесінің мемлекеттік хатшысы Андрей Равков қатысты.

“Басқаша түсініп қалмау үшін ескерте кетейін, үкіметтің жаңа құрамы туралы талқылауды баяғыда бастадық. Шамамен жарты жыл бұрын”, – деді Лукашенко.

Президенттің айтуынша, қазір үкімет құрамында ауқымды өзгеріс жасау тиімсіз. Себебі пандемия салдарынан әлемдік экономикада дағдарыс болып жатыр.

“Қазір әлем бұрын болмаған экономикалық дағдарысқа тап болды. Бұл кез келген елде қоғамдық өзгерістерге әкеп соқты. Дағдарыстың салдары өте ауыр болады. Сондықтан қазіргі жағдайды ескере отырып, үкіметтің барлық мүшесін ауыстыру дұрыс болмайды. Сондай-ақ қажеттілік те жоқ. Тек өзін жақсы көрсеткен және үкіметте жақсы жұмыс істеген басқарушылардың жаңа буыны өсті”, – деді ол.