Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлескен Байден Шыңжаңдағы адам құқығы мәселесін қозғады

Сәрсенбі күні Джо Байден АҚШ президенті қызметіне кіріскелі бері алғаш рет Қытай басшысы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесті. Ақ үйдің хабарлауынша, Байден Қытайдағы адам құқығы, АҚШ-пен сауда қатынасы, халықаралық қауіпсіздік және климаттың өзгеруі мәселелерін қозғаған.

Байден телефон әңгіме барысында америкалықтардың қауіпсіздігі, америкалық өмір салтын қорғау және Үнді-Тынық мұхиты аймағының «еркін әрі ашық» қалуы сияқты мәселелерге басымдық беретінін атап өткен. АҚШ президенті «мәжбүрлі, әділетсіз» экономикалық әдістер мен Гонконгтегі наразылықтың басып-жаншылуы, Шыңжаңдағы адам құқығының бұзылуы мәселелеріне қатты алаңдайтынын жеткізген. Бұған қоса, «Американың мүддесіне қажет болған жағдайда Пекинмен жұмыс істеуге дайын екенін» білдірген.

Екі мемлекет басшысы сонымен бірге коронавирус індетімен күрес, климаттың өзгеруі, адамдарды қырып-жоятын қару түрлерінің таралуы мәселелері төңірегінде пікір алмасқан.

Қытаймен қарым-қатынасты айқындау Джо Байден әкімшілігінің алғашқы апталарда басымдық берген мәселелерінің бірі болған. Сәрсенбі күні Пентагонға Американың Қытаймен қатынас стратегиясын сараптау туралы тапсырма берілген. Президент кеңесшілері сонымен бірге Қытаймен экономикалық және сауда қатынасын жандандыру мәселесімен де айналысып жатыр. Дегенмен Байден әкімшілігі әзірге Трамп әкімшілігі енгізген сауда тарифтерінің күшін жоюды жоспарлап отырған жоқ.

Джо Байденнің сөзіне қарағанда, Қытайға қатысты тиімді саясат жүргізу үшін үкіметтің талпынысы, конгресс қолдауы және жүйелі одақтастар керек.

«Тек солай ғана Қытай туғызған мәселелерге төтеп береміз және алдағы бәсекеде Американың жеңуін қамтамасыз ете аламыз» деді Байден Пентагонда.