Тәжікстан парламенті Қытайға күміс кенішін беруді мақұлдады

Тәжікстан парламенті Қытай инвесторына күміс кенішін беру туралы шешімді мақұлдады. Билік күміс кенішін игеретін Қытай компаниясын жеті жылға салықтан босатты.

Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, қытайлықтарға берілетін “Якчилва” күміс кеніші Мургаб ауданында, теңіз деңгейінен 4500 метр жоғарыда Памир тауында орналасқан.

“Инвестор кенішті игеріп, қалдық қоймасын ашып, электр линияларын жүргізуге 385 миллион сомони жұмсайды. Алғашқы үш жыл жұмыс орындарының 60 пайызына жергілікті тұрғындар тартыладыс, одан кейін бұл көрсеткіш 80 пайызға дейін ұлғаяды. Инвестор жұмысшылардың біліктілігін арттыруға жылына 500 мың сомони жұмсайды” дейді Тәжікстанның мемлекеттік инвестиция комитетінің төрағасы Фаррух Хамрализода.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, тәжік билігі қытайлық компанияны жеті жылға салықтан босатқанмен күміс кенішін толық барлауға үш жыл жеткілікті. Сондықтан билік салықтан пайда таба алмауы мүмкін.

“Геологиялық барлау жұмыстары жүріп жатыр, сынақ ретінде кенішті игере бастадық. Бір жылда 40 тонна күміс өндіре аламыз. Қазіргі кезде барланған қор көлемі 113 тонна” деді “Кашн Синьюи Дади Майнинг Инвестмент” компаниясының төрағасы Юан Ин Ху.

2019 жылы тамыз айында Тәжікстанның Айнин ауданындағы алтын кенішін тәжік-қытай бірлескен кәсіпорнына бергені туралы ақпарат шыққан. Тәжікстанда алтынның 80 пайыздан астамын осындай біріккен компаниялар өндіреді. Тәжік жағы жобаның экономикаға пайдалы екенін айтады.

Тәжікстан инвестиция тарту үшін ғана емес, Пекиннен алған қарызын өтеу үшін де Қытайға кеніштерін жалға беруге мәжбүр. Мысалы, “Душанбе-2” жылу электр станциясын салу үшін билік Қытайға “Верхний Кумарг” алтын кенішін белгісіз мерзімге жалға берген.