Террор топтың жетекшісі әл-Бағдадидің денесі теңізге лақтырылды

26 қазанда Сирияда өлтірілген “Ислам мемлекеті” террор тобының жетекшісі Әбу Бәкір әл – Бағдадидің денесі теңізге лақтырылды. Бұл ақпаратты CNN арнасы Пентагонның екі өкіліне сүйене таратты.

27 қазанда АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Роберт О’Брайен “Ислам мемлекеті” террор тобы жетекшісінің денесі 2011 жылы өлтірілген Усама бен Ладен секілді теңізге лақтырылатынын мәлімдеген. Олар көмілген жерді әлдекімдер “қастерлі орынға” айналдырмас үшін осылай жасауды ұйғарған.

Дүйсенбіде АҚШ президенті Дональд Трамп әл – Бағдадидің көзін жоюға арналған арнайы операция видеоларынан үзінді жариялауға уәде берді. Трамп Twitter’інде осы операцияға қатысқан иттің суретін көрсеткен.

Штаб басшылары біріккен комитетінің төрағасы Марк Милли брифингте операцияның видеолары мен фотосуреттерінен “құпия” белгісін алу процесі жүріп жатқанын айтқан.

Дүйсенбі, 28 қазанда әл – Бағдадидің көзін жоюға арналған операцияның бірнеше детальдері белгілі болған еді. “Сирия демократиялық күштерінен” ақпарат таратушы адамның айтуынша, әл – Бағдадидің киімі мен қаны арқылы оның жеке тұлғасы расталған, – деп хабарлайды CNN.

Миллидің сөзінше, арнаулы операция барысында АҚШ арнайы қызметі екі адамды қолға түсірген. ​

Әбу Бәкір әл – Бағдади 1971 жылы Ирактың Самарра қаласында дүниеге келген. Діни білім алған. 2004 жылы “АҚШ қарулы күштеріне қастандық жасамақ болды” деген күдікпен Америка әскері қамауға алған. Бостандыққа шыққан соң жиһадшылардың астыртын тобын құрып, басшысына айналған. 2014 жылы өзін бүкіл мұсылмандардың жетекшісі – халиф деп жариялады. Оның басшылығымен “Ислам мемлекеті” террор тобы Ирак пен Сирияның елеулі аумағын басып алып, терактілерімен, қатыгез әрекеттерімен аты шықты.