Трамп Таяу Шығысқа қосымша әскер жібереді

АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығысқа қосымша әскер жіберуді мақұлдады. Пентагонның хабарлауынша, америкалық әскерилер Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі (БАӘ) әуе қорғанысы кешенін күшейтпек.

АҚШ қорғаныс министрі Марк Эспердің айтуынша, саудиялықтар мен БАӘ өтінішіне “жауап” ретінде осындай шешім қабылданып отыр және оның мақсаты – қорғанысты күшейту. Бұл сонымен бірге аймақта АҚШ ықпалын күшейту жолындағы алғашқы қадамдардың бірі ғана.

АҚШ қорғаныс министрлігінің өкілі Джозеф Данфорд нақты қанша сарбаздың Таяу Шығысқа жөнелтілетінін ашып айтпады. “Толық ақпаратты министрлік келесі аптада хабарлайды” деп қысқа қайырды.

Бір апта бұрын Сауд Арабиясының шығысында Saudi Aramco компаниясының мұнай нысандарына зымыран және дрон шабуылы жасалып, соның cсалдарынан елдегі шикі мұнай өндірісі екі есеге азайған. АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео шабуылды “соғыс қимылы” ретінде бағалау керек деді. Вашингтон мен Эр-Рияд шабуылды Ираннан көрді.

Сарапшылардың бағалауынша, Трамп әкімшілігінің қосымша әскер жіберу туралы шешімі Вашингтонның “күш қолдану мәселесінде” әлі түпкілікті шешім қабылдамағанын көрсетеді. Жақында Трамп Иранның ұлттық банкіне санкция салынғанын хабарлаған.