Трамп Венесуэла жайлы Путин және Си Цзиньпинмен сөйлесуі мүмкін

АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэладағы жағдай туралы Ресей президенті Владимир Путин және Қытай президенті Си Цзиньпинмен сөйлесуі мүмкін.

“Көп адаммен сөйлесем, мүмкін Владимир Путин, мүмкін Қытай басшысы Си Цзиньпинмен сөйлесетін шығармын” деді ол 29 наурызда журналистер сұрақтарына жауап беріп тұрып. Венесуэладағы саяси жағдайға байланысты АҚШ пен Ресей, Қытайдың позициясы қарама-қайшы.

Бұған дейін АҚШ-тың ресми орындары Венесуэлаға Ресей әскерилерінің әкелінгенін сынап, бұл онсыз да саяси-экономикалық дағдарысқа ұшыраған елдегі жағдайды тұрақсыздандырады деп мәлімдеген еді.

“Біз батыс жарты шарынан тыс жатқан жақтастарымызды Венесуэладағы әскерін көбейтпеуді немесе басқа аумақта әскери операция бастап, әрекетін жалғастырмауын қадап-қадап ескертеміз” деген АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джон Болтон 29 наурыз жариялаған мәлімдемесінде.

АҚШ-тың Венесуэла бойынша арнайы өкілі Эллиот Абрамстың айтуынша, Венесуэлада шамамен 100 ресейлік сарбаз бар және олардың бұл жақта болуы “өте қауіпті”. Абрамс сөзінше, Ресей әскерилері Венесуэлада негізінен Ресейден сатып алынған С-300 әуе қорғаныс жүйесімен жұмыс істеп жатыр. Бірақ ол соңғы кезде елде электр қуаты болмағандықтан бұзылған болуы мүмкін.

Ресейлік “Интерфакс” агенттігінің хабарлауынша, 29 наурызда Венесуэлада Мәскеу қолдауымен тікұшақ жаттығу орталығы ашылған. Орталық венесуэлалық ұшқыштарға Ми-17В-5, Ми-35М және Ми-26Т тіұшақтарында жаттығуға мүмкіндік береді.

Жыл басында Венесуэла парламентінің спикері, оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдо өзін елдің “уақытша президентімін” деп жариялап, Мадуро билігін заңсыз таныған. Ресей мен Қытай – Мадуроның ең ірі жақтаушылары. Ал Гуайдоны АҚШ пен Еуропа одағы, Латын Америка елдерінің барлығы-дерлік қолдайды.