Тунис жағалауында қайық апатқа ұшырап, 50 адам қаза тапты

Тунис жағалауында қайық апатқа ұшырап, кемінде 50 адам қаза тапты деп хабарлайды Reuters агенттігі. Жерорта теңізі арқылы Италияға жетпек болған қайықта Африка елдерінің мигранттары болған.

Көші-қон бойынша халықаралық ұйым дерегінше, құтқарушылар қайықта болған 70 жолаушының 16-сын құтқара алған. Олар теңізден үш адамның мәйітін тапқан. Тунистің қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, мигранттар қайығы бейсенбі, 9 мамырда Ливия батысындағы Зуар портынан теңізге шыққан.

Ливия астанасы Триполи маңында әскери операциялар қайта басталған соң Жерорта теңізі арқылы Еуропаға өтпек болған мигранттар саны күрт көбейді. Сәуір айының ортасында генерал Халиф Хафтар бастаған әскерилер үкімет бақылауындағы қалаға шабуылын бастады.

Көші-қон бойынша халықаралық ұйым есебі бойынша 2018 жылы Жерорта теңізінде 2300 адам өлген, шамамен 120 мың адам Еуропаға қоныс аудара алған.

 

azattyq.org