Түркия таяуда өлтірілген ДАИШ басшысы әл-Бағдадидің әпкесін қолға түсірді

Түркия әскери қызметкерлері “Ислам мемлекеті” террор ұйымының жетекшісі әл – Бағдадидің әпкесін қолға түсірді. Ақпаратты жергілікті ақпарат агенттіктері жоғары лауазымды түрік шенеунігіне сілтеп таратты.

Бұл мәліметке қарағанда, 65 жастағы Рәсмия Авад отбасымен бірге Алеппо провинциясындағы Азаз қаласына таяу жерде тұрғын үйге бейімделген контейнерде тығылып жатқан. Арнайы операция барысында дүйсенбі кешке ұсталған. Онымен бірге күйеуі, келіні және бес баласы қамауға алынған.

-Барлауға таптырмас дерек. Оның “Ислам мемлекеті” туралы білетіндері бұл ұйым жайлы түсінігімізді әлдеқайда кеңейтуі мүмкін, – дейді дереккөз.

“Ислам мемлекеті” террор ұйымының басшысы Әбу Бәкір әл – Бағдади өткен айда АҚШ әскерінің арнайы операциясы барысында өзін – өзі жарып жіберген. Осы рейд кезінде “Ислам мемлекеті” туралы маңызды ақпараттары болуы мүмкін құжаттар табылған.