Түрмедегі саясаткерді қолдау шеруін билік күшпен таратты

Бішкекте саясаткер Садыр Жапаровты түрмеден босатуды талап еткен жүздеген адам қатысқан наразылық шеруін полиция жас ағызатын газ бен су шашып таратты. Жиырмадан астам адам зардап шеккен. Шеруден соң арасында экс-депутат бар бірнеше адам қамалған.

НАРАЗЫЛЫҚТАН КЕЙІН

Қырғызстан ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі наурыздың 2-і күні Бішкектің орталығындағы Ала-Тоо (Алатау) алаңына саясаткер Садыр Жапаровты түрмеден босатуды талап етіп шеруге шыққандар мен полиция арасындағы қақтығыстан кейін 166 адам полиция бөліміне жеткізілгенін хабарлады. Олардың 162-сі аты-жөні анықталғаннан кейін босатылған. Төрт адам қамауға алынып, жаппай тәртіпсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тексеру басталған деп хабарлады полиция.

Қақтығыстар салдарынан зардап шеккендер туралы әртүрлі дерек бар. ІІМ мәліметінше, дүйсенбідегі қақтығыстар салдарынан 24 полиция қызметкері зардап шеккен. Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі шеруден кейін дәрігерден көмек сұраған 22 адамның 19-ы күштік құрылым өкілдері деп хабарлады. Медициналық жәрдем көрсетілген соң 21 адам амбулаториялық ем қабылдауға жіберіліп, бір полиция қызметкері ауруханаға жатқызылған.

Түрмедегі саясаткер Садыр Жапаровты қолдау шеруіне қатысушылар. Бішкек, 2 наурыз 2020 жыл.
Түрмедегі саясаткер Садыр Жапаровты қолдау шеруіне қатысушылар. Бішкек, 2 наурыз 2020 жыл.

Наурыздың 3-і күні қырғызстандық “Кылым шамы” құқық қорғау ұйымының жетекшісі Азиза Абдирасулова Азаттықтың Қырғыз қызметіне құқық қорғаушы әрі азаматтық белсенді Ондуруш Токтонасыровты Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) Шу облыстық басқармасына дүйсенбідегі шеруге қатысты шақырғанын хабарлады. Абдирасулованың сөзінше, Токтонасыров шеруге бақылаушы ретінде қатысқан. МҰҚК баспасөз қызметінің өкілі Рахат Сулайманов бұл жайлы қолында ешқандай ақпарат жоғын айтты.

Дүйсенбідегі шеруден кейін парламенттің бұрынғы депутаты Каныбек Осмоналиев, түрмедегі саясаткер Садыр Жапаровтың ағасы Сабыр Жапаров пен Амангелді Артыков МҰҚК жеткізілгені белгілі болды. Мемлекеттік қауіпсіздік мекемесінің хабарлауынша, Қылмыстық кодекстің “билікті күшпен басып алуға талпыну” бабы бойынша сотқа дейінгі өндіріс материалдары тіркеліп, тергеу басталған.

Бішкек әкімдігі сот үкімі бойынша түрмеде отырған саясаткер Садыр Жапаровтың жақтастарының наразылық шеруін жаппай тәртіпсіздік деп атап, митингіге және “коронавирус қатеріне” байланысты ел астанасының орталығында шеру өткізуге тыйым салуды сұрап сотқа жүгінетінін мәлімдеді. “Жаппай тәртіпсіздік салдарынан келген шығын көлемі анықталып жатыр” деп хабарлады жергілікті билік.

АЛА-ТОО АЛАҢЫНА ЖИНАЛҒАНДАРДЫҢ ТАЛАБЫ

Наурыздың 2-і күні түске қарай Бішкектегі Ала-Тоо алаңына Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты, қазір түрмеде Садыр Жапаровтың жақтастары жиналып, биліктен саясаткерді дереу босатуды талап етті. Жүздеген адам қатысқан митингіде сөйлегендер үкіметтің отставкаға кетуін және Конституцияға өзгерістер енгізуді де талап етті деп хабарлады оқиға орнынан Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшілері.

Садыр Жапаровты түрмеден босатуды талап еткен шеруге қатысушылар. Бішкек, 2 наурыз 2020 жыл.
Садыр Жапаровты түрмеден босатуды талап еткен шеруге қатысушылар. Бішкек, 2 наурыз 2020 жыл.

Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты Садыр Жапаров 2017 жылы сот үкімімен 11 жылға түрмеге қамалған. Оған 2013 жылы Құмтөр алтын кенішін мемлекет меншігіне қайтаруды талап еткен Қарақол қаласындағы митингіні қаржыландырды және кепілдікке адам алды деген айыптар тағылған. Жапаров сотта өзіне тағылған айыпттардың “саяси астары бар” деп санайтынын мәлімдеген.

2019 жылғы сәуірде Қырғызстан Жоғарғы соты Жапаровқа кесілген жаза мерзімін бір жылға азайтқан. Былтыр қарашада Жапаров Қырғызстан президентінен рақымшылық сұраған.

Қырғыз саясаткері Садыр Жапаров сот процесі кезінде. 2 тамыз 2017 жыл.
Қырғыз саясаткері Садыр Жапаров сот процесі кезінде. 2 тамыз 2017 жыл.

Дүйсенбі күні Ала-Тоо алаңына жиналған жүздеген адам “Садыр Жапаровқа бостандық берілсін!” деп айғайлады. Сонымен бірге елде сот реформасын жүргізу, саяси қуғынды тоқтату, шекара маңындағы проблемалар мен банк борышкерлерінің мәселесін шешу, әлемде коронавирустың тарауына байланысты шекара бақылауын күшейту туралы талаптар да айтылды.

Шеру кезінде “гей парадқа қарсылық” жазылған плакат көтерген бірнеше адамды өзге азаматтар Тарих музейіне қарай ығыстырған соң, ұйымдастырушылар жұртты арандатушылардың тұзағына түсіп қалмауға және митинг өтіп жатқан алаңға оралуға шақырды деп хабарлады Kloop басылымы.

Митингіде сөйлеген парламенттің бұрынғы депутаты Жылдызкан Жолдошова Садыр Жапаровтың туыстарының талабын ел президенті Сооронбай Жээнбековке жеткізгенін мәлімдеді. Жапаровтың жақтастарының бірі “бүгінгі шеруді ешкім қаржыландырған жоқ, жұрт жүрек қалауымен жиналды” деп мәлімдеді. Бұған дейін дүйсенбі күні түскі сағат 12-де Бішкектің орталық алаңына Садыр Жапаровты қолдау митингісіне шақырған үнпарақтар тараған болатын.

Шеруді бақылағандар Ала-Тоо алаңында көптен бері мұншама адам жиналмаған еді десе, енді біреулер “Қырғыз көктемі келді” деп жазды.

Садыр Жапаровтың жақтасы Эркин Асаналиев ел президентін 9 адамнан тұратын комиссиямен кездесіп, олардың талабын тыңдауға шақырды. Бұдан соң шеруге қатысушылар арасынан 10 адам президентке кездесу туралы өтініш айтуға кетті. Акцияны ұйымдастырушылар президент оларды қабылдағанша алаңнан ешқайда кетпейтінін мәлімдеді.

Ала-Тоо алаңына қырғыздың ұлттық киімін киіп шыққан әйелдер түрмеде отырған саясаткер Садыр Жапаровтың суретін ұстап тұр. Бішкек, 2 наурыз 2020 жыл.
Ала-Тоо алаңына қырғыздың ұлттық киімін киіп шыққан әйелдер түрмеде отырған саясаткер Садыр Жапаровтың суретін ұстап тұр. Бішкек, 2 наурыз 2020 жыл.

Арада біршама уақыт өткенде митингіге қатысушылар алдында сөйлеген Садыр Жапаровтың ағасы Сабыр Жапаров президент аппаратының өкілдерімен кездескенін, олар шерушілердің талабына үш күнде жауап беруге уәде еткенін айтып, алаңдағы жұртты тарауға шақырды.

Алайда қатары көбейе түскен митингіге қатысушылар билік Садыр Жапаровты қамаудан шығарғанша тарамайтынын, қажет болса түнімен тұруға әзір екенін айтты, кейбіреулер билікті түрмедегі саясаткерді “бүгін босатуға” шақырды.

Шеруге қатысушылардан бірнеше әйел президентпен кездесуді талап етіп, “Ақ үйге” (Қырғызстан президентінің резиденциясы) тағы бару туралы бастама көтерді. Олар “ерлер осында қалып, тек әйелдер барсын” деген ұсыныс айтты.

ПОЛИЦИЯМЕН ҚАҚТЫҒЫС

Ұйымдастырушылардың алаңда қалуды сұраған сөзіне құлақ аспаған шерушілердің бір бөлігі алаңнан “Ақ үйге” қарай беттеді. Олар жолын бөгеген қарусыз полиция шебін бұзып-жарып өте шықты. Жүз-жүз елу метр жер жүргеннен кейін оларға басына каска киген, қолындағы үлкен қалқанды резеңке таяқпен сартылдата соғып, кейбірі ит жетектеген полиция жасағы қарсы шықты. Олардың соңында су шашатын арнайы техника ілесіп жүрді.

Полиция наразылық шеруін таратып жатыр. Бішкек, 2 наурыз 2020 жыл.
Полиция наразылық шеруін таратып жатыр. Бішкек, 2 наурыз 2020 жыл.

Наразылардың кейбіреуі полицияға тас лақтырды. Бұдан соң полиция оларға су шашып, көшеден тықсыра бастады. Бұл уақытта алаңда қалған адамдарды да полиция күштеп таратуға кіріскен еді. Оларға қарсы көзден жас ағызатын газ шашып, арнайы құралдар қолданды. Көп ұзамай полиция алаңдағы наразыларды да ығыстырып тастады. Жапсарлас көшеге қарай шегінген наразылар (негізінен жастар) полицияға лақтырған тастар сол көше бойында тұрған автокөліктерге де тиіп жатты. Полиция қызметкерлері де наразыларға тас лақтырып, қуалады.

Тағы жарты сағаттан астам уақыт өткенде алаң мен оған жапсарлас көшелерде наразылардан ешкім қалмады.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков наурыздың 3-і күні шағын құрамда Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі. Оған бірқатар мемлекеттік органдар басшылары қатысқан.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп отыр. Бішкек, 3 наурыз 2020 жыл.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп отыр. Бішкек, 3 наурыз 2020 жыл.

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жээнбеков түрмедегі саясаткер Садыр Жапаровтың жақтастары өткізген шеру туралы да айтқан.

“Кеше милиция қызметкерлері өз міндетін толық атқарды. Олар азаматтардың бейбіт өмір сүру құқығын қорғап, қалада қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Мемлекет басшысы ретінде тағы да қайталаймын – қоғам тыныштығы бәрінен жоғары. Барлық мәселе құқық аясында шешілуі керек, ультиматум қабылданбайды. Елде заң сақталуы тиіс” деп мәлімдеді Жээнбеков.

дереккөз;  Азаттық  радиосы