Украинада барлық балалар үйі жабылады

Украинада 2020 жылдан бастап балалар үйлері балаларды қабылдамайды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА УКРАИНФОРМ-ға сілтеме жасап.

Бұл жайлы Украина денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ульяна Супрун Facebook-тегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, жақсы жағдай жасалған ешбір үлгілі интернат мекемесі отбасын алмастыра алмайды, сол себепті үкімет ата-анасынсыз тұратын балаларды қолдау жүйесіне өзгерістер енгізуді қолға алды.

«Шындығында Украинадағы осындай мекемелерде тұратын балалардың тек 8%-ы жетім балалар мәртебесіне ие. Қалғандары анасы немесе әкесі немесе ата-анасының екеуі де баланы тәрбиелей алмайды», – деді Супрун.

Оның айтуынша, бұл балалар өз отбасыларында өмір сүру үшін отбасыларына көмектесу жолдарын іздестіру керек.

«Өткен жылы Украина Министрлер Кабинетінің «Оңалту орталықтары және балаларға паллиативтік көмек туралы ережені бекіту туралы» қаулысының жобасын дайындадық. Соның негізінде балалар үйлерін медициналық оңалту және паллиативтік көмек орталықтарына айналдыру қарастырылған», – деді шенеунік.

inform.kz