Венадағы шабуылдан кемінде 2 адам қаза болып, 15 адам жарақаттанды

2 қараша кешке Венада бірнеше аумақта атыс болып, кемінде екі адам қаза болды, 15 адам жарақаттанды. Австрия канцлері Себастьян Курц оқиғаны “жиіркенішті террористік шабуыл” деп атады.

Полиция дүйсенбі күні кешке қаланың алты аумағында шабуыл ұйымдастырған бірнеше қарулы күдіктіні табу үшін ірі іздестіру операциясын жүргізді.

Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, қатты жараланған 15 адам арасында бір полиция қызметкері бар. BBC сайтының жазуынша, шабуыл кезінде ауыр жарақаттанған бір әйел ауруханада көз жұмған. Арнайы күштер бір күдіктіні атып өлтірген.

Ішкі істер министрі Карл Нехаммер “бақайшағына дейін қаруланған қауіпті” топты табу үшін іздестіруге арнайы жасақ жұмылдырылғанын хабарлады.

Полиция қауіпсіздік күштерінің операциясы жүріп жатқан кезде жұртты қоғамдық орындарға бармауға және қоғамдық көлікке отырмауға шақырды.

Күдіктілердің шабуыл жасауының себебі анықталып жатыр. Әзірге, күдіктілер жайлы ақпарат жоқ.